Түлкібас ауданында соңғы екі жыл көлемінде жаңғақ шаруашылығын дамыту ісі мықтап жолға қойылып келеді. Жаңғақ ағашы облысымыздың барлық өңірлерінде өсе бермейтіні белгілі. Түстікте Түлкібас, Төлеби, Сайрам және Қазығұрт аудандарының тау бөктерінде және үй іргелік жерлерде өседі.
Түлкібас ауданының аумағында жаңғақ ағаштарын өсіріп, одан өнім алу осыған дейін үй іргелік жерлерге отырғызудың нәтижесінде мүмкін болған. Былтыр, яғни, 2018 жылы ауданда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 250 гектар аумаққа жаңғақ отырғызу тапсырмасы беріліп, нәтижесінде, 257,5 гектарға жаңғақ көшеті отырғызылып, меже 103 пайызға орындалды.
Осылайша, ағымдағы жылы аудандық статистика басқармасының ресми мәліметіне сәйкес, Түлкібаста жаңғақ ағаштарынан 627,6 тонна өнім жиналғаны белгілі болды.
Ал жаңғақ өнімін жинауды жергілікті тұрғындар жеке кәсібі ретінде іске асырып жатыр. Олар аудандық орталық базар жанынан қабылдау бекеттерін ашып, өнімнің піскен кезінде сапасына қарай келісін 400-500 теңгеден сатып алып, қайта өндеуден өткізу арқылы қабығынан ажыратып (пайдалануға дайын күйінде) облысымыздың ірі сауда орталықтары мен кондитерлік цехтарға немесе басқа өңірлерге келісін 1200-1500 теңгеден өткізуде.
Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметі