Түлкібастағы туннель биыл ашылмайды

681

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 420 шақырымы Оңтүстік Қазақстан облысы аумағынан өтеді. Осы автобанның Түлкібас ауданына қарасты Шақпақ баба ауылы маңынан салынып жатқан туннелінің құрылысы аяқталуға жақын. Біздің облыс пен Жамбыл облысының шекарасына түсетін туннел екі бағыттағы өткелден тұрады. Бірі Алматыға бағыт алса, екіншісі Шымкентке шығады. Қазақстанда жоқ бұл туннель ағашты кесіп, тауды тесіп салынуда. 2015 жылдың соңына қарай пайдалануға берілуі тиіс болған туннелдің құрылысы біршама уақытқа тоқтап қалып, қайта басталды. Бүгінде туннель аузы мен үңгір ішінде қыз-қыз қайнаған жұмыс.

Неліктен туннель?

Түлкібас – таулы аудан. Қысы қатал, қар қалың түседі. Халықаралық трасса болғандықтан көлік нөпірі бір толастамайды. Қыстыгүні жолды қар басып, жолды аршитын техника кешеуілдеп жетіп, тұралап қалған көліктер апталап қардан шыға алмайтын кездері жиі болады. Шымкенттен Алматыға бағыт алған жолаушы автобустарды қалың қар басып, жолда қалып қоятыны көптің есінде. Автобустар колонна болып тұрып қалып, құтқарушылар дер кезінде жете алмаған болатын. Бұл оқиға дәл осы маңда орын алған еді.
Әуелі ирандық компания таулы аумақтағы асуда жерді 50 метрдей қазып, жол салуды жоспарлаған екен. Алайда таулы аумақтың табиғатын екшей келе мамандар мұның дұрыс шешім емесін түсінген. Өйткені үнемі жел соғып тұратындықтан төменнен салынған жолға қар үйелеп қалатыны анық. Соны аршу үшін көп техника мен мамандарды үнемі ұстауға тура келеді. Бұл көп шығынды қажет етеді. Сондықтан да туннель салу ең тиімді шешім деген ұйғарымға келіпті. Бұл қарлы аумақтағы кедергілердің алдын алуға таптырмас тәсіл деп танылған.

Туннель құрылысы неліктен кеш басталып, ерте тоқтады?

Халықаралық көлік дәлізінің жобалық-сметалық құжатының алғашқы тұжырымдасамында туннель құрылысы болмаған. Соны қайта дайындап, мақұлдануының өзі біраз уақытты алған. Нәтижесінде сапалы әрі заманауи туннель жұмысы кеш басталыпты.
Шымкент-Жамбыл облысы бағытының 593-632 шақырым аралығындағы нысанда автожол мен елімізде алғаш рет салынып жатқан туннелді салу құқын ирандық «Дена Рахсаз Констракшн» компаниясы жеңіп алып, құрылысын жүргізді. 2014 жылы басталған жұмыс АҚШ долларының күрт қымбаттап кетуінен қаржылық қиындықтарға тап болып, жыл өткен соң баяулап қалды. Аталған ирандық компания арнаулы техникаларын несиеге алғаны және ақшаның құнсыздануына байланысты құрылыс жұмыстарын кесте бойынша белгіленген уақыттан кешіктірді. Салдарынан мердігер мекемемен келісімшарт бұзылды. Жұмыс та тоқтатылды.
Өткен жылы жаңадан тапсырыс беруші «Автомобиль жолдары комитеті» мемлекеттік мекемесі мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялап, әзірбайжандық «EVRASCON» компаниясы жеңімпаз деп танылды. Жыл басынан туннель құрылысы қайта жанданды.

«Тауды қопарғаннан, үңгіген дұрыс…»

Асуды тесіп салынып жатқан туннель құрылысына ауыр техникалар тартылған. Әуелі тауды қопармақ болған. Мамандар зерделеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін тауды үңгуді құп көріпті.
Қазір ауыр техника тауды үңгіп жатыр. Төбеден төніп тұрған топырақ опырылып түсіп кететіндей қорқынышты. Мердігер компания мамандарының айтуынша, таудың астын үңгігеннен кейін төбеден топырақтың опырылып құлау қаупі жоқ екен. Өйткені топырақтың беті арнайы цемент қосылған қосындымен уақытша бітеліп тұр. Ол топырақтың сусып түсуінен сақтайды. Бұл қосынды туннельдің ішіне де, сыртқы жағына топырақты мықтап ұстап тұруы үшін арнайы шашылады екен. Құрылыс қатаң бақылауда. Жұмысшылардың қауіпсіздігіне де көп мән беріледі. Техникалық қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, ережені ежіктеп үйретеді.

Туннелді су басу қаупі жоқ

Туннелдің орта тұсынан бұлақ көзі ашылыпты. Су сарқырап ағып жатыр. Мамандар туннель құрылысы біткен соң бұлақтың көзін бітеп, бетон бетіне шықпайтындай етіп жабылатынын айтады. Сол үшін геодезист маман да тартылған. «EVRASCON» компаниясы жерасты суларынан қорғау үшін «Шымкент жол жобалау» мекемесімен бірлесе отырып, сенімді гидрооқшаулау және жерасты қауіпсіздік жүйесін жасаған. Айтуларынша, соның арқасында жерасты суларының көтеріліп, туннелді су басу қаупі туындамайды.
Арка болып иілген арнайы техника төбеге бекітілген кезде тасымалдаушы көліктің көмегімен арнайы қалыптарға бетон құйылады. Ол кеуіп, қатқаннан кейін келесі жолаққа көшеді. Осылайша кезең – кезеңімен жасанды арканың монолитті бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күмбез сынды құю үшін осындай арнайы техника қолданылады. Мұндай құрылғымен құю жұмыстарын жүргізу 10 күн уақытты алады. Құю жұмыстары – 8 күн, кептіру – 2 күн уақытты ұстайды. Содан кейін ғана келесі бөлігіне көшіріледі. Арнайы техника жетіспегендіктен Әзірбайжаннан тағы да осындай рельсті жылжымалы қалаушы техникаға тапсырыс берілген. Жақын күндері жеткізілмек. Туннель іші аса суық. Ал орта тұсына барғанда ауа жетіспеушілігі байқалады. Сол үшін мұнда желдеткіш құрылғылар қойылған. Электр қуаты желілерін тарту да қатар атқарылып жатыр. Арнайы жол белгілері, жарықтандыру, желдету жүйелері болады.
Мұнда жұмыс атқарып жатқандардың дені – жергілікті жұмысшылар. Орташа айлық көлемі – 100 мың теңге шамасында. 200-ге жуық жұмысшы тарихымызда болмаған туннелді салу үшін тер төгіп жатыр.

Ақжол Анарқұлов, жұмысшы:
– Жұмысымыз жақсы, соншалықты ауыр да емес, айлықты уақытылы береді. Ешқандай шағымымыз жоқ. Қиналатын жұмыс жоқ. Бетон қабылдаймыз, арматура тоқимыз. Жергілікті жұмысшыларды өздері тасымалдайды, тамақтары да өздерінен. Туннель біткен соң жүргізушілерге қолайлы болатыны анық. Өйткені мұнда жел тоқтамай соғып тұрады. Қыстың күндері жолды қар басып қалады. Қар тазалайтын техника кешігіп жетіп, жол қатынасы жиі тоқтайды. Ал мына туннель біткеннен кейін мұндай қиындықтар болмайды. Соған қуанып отырмыз.

Жарамдылық мерзімі – 1 ғасыр

Қазақстанда бұрын-соңды мұндай туннель салынған емес. Яғни, алғашқы әрі бірегей нысан. Ал аталған мердігер компания үшін мұндай туннель салу таңсық емес. Бұған дейін әлемнің әр түкпірінде осындай алып, тіпті ұзындығы 3 шақырымға жететін туннелдер салыпты. Ал мына Түлкібастағы 860 метрлік туннелдің биіктігі мен ені 13,5х5 метр. Екі техникалық, апаттық шахта мен бақылау құрылғысы, сусорғы мен дабыл жүйесі орнатылады. Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер жолы, бейнебақылау жүйесі, габаритті шектеу, апатты бұғаттау жүйесі де қарастырылыпты.

Зеки Сатыджыоглу, мердігер компанияның маманы:
– Туннель пайдалануға берілгеннен кейін кепілдік мерзімі – 4 жыл болғанымен, жарамдылық мерзімі -100 жыл. Мұнда халықаралық талаптарға сай техникалар пайдаланылады. Құрылыс материалдарының сапасы да жоғары. туннельдің ішінде апат болған жағдайда зардаптарды жоюға лайықталған кішкене туннель де бар. Бұл халықаралық талаптарға сай бірегей туннель болады.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы 2019 жылдың сәуірінде аяқталады. Туннель де сол кезде пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Шақпақ ата ауылы маңындағы халықаралық автобан осы туннельге барып қосылады. Жол белгілері, жарықтандыру, арнайы қоршаулар, жол жабынғысы үстіндегі жолтаңбасы да бәрін орнату үшін жергілікті компанияларды қосалқы мердігер ретінде тартады.

Данияр Камалов, «Оңтүстік жол зертханасы» ММ сарапшысы:
– Техникалық қадағалаушы мекеме «Темирсу консалтинг» Түркия мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорыны болып саналады. Күнделікті қадағалау жоба басшысынан басталады. Сосын әр жұмыстың өз маманы бар. Құрылысқа пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарының барлығы да отандық өнімдер. Цемент, арматура, бетон, құбыр барлығы да қазақстандық өнім. Өйткені жобада тек қана отандық өнімді пайдалану қажет деген талап бар.

Жол тапсырылғаннан кейін екі жыл кепілдік мерзім болады. Сол екі жыл ішінде қандай да бір олқылықтар орын алса, мердігер компания жөндеп береді. Халықаралық дәліз пайдалануға тапсырылған соң «Қазавтожол» мекемесі жолды күтіп ұстауды өз мойнына алады.

Гүлжан ЖҰМАШ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №24, 13 маусым 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті