Úı ANONS 500-ге жуық құрылыс нысанында заң бұзушылық анықталды

500-ге жуық құрылыс нысанында заң бұзушылық анықталды

Түркістан облысында заңсыз құрылысқа барғандарға тексеру күшейген. Айыппұлға ілінгендер де бар. Мемлекеттің қазынасынан қаржы жұмсалып салынған нысандардың өзінен шикіліктер бар. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.

Түркістан облысында жаңадан салынып жатқан 469 құрылыс нысанында заң бұзушылық анықталған. Сәйкесінше бұл олқылыққа жол бергендер 325 миллион теңге айыппұл арқалады. Заңсыз салынған қырық нысан мәжбүрлеп бұзуға жатады. Жалпы дәл қазір аймақта 1722 нысанның құрылысы басталған. Оның бәрі мемлекет бақылауына алынған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің сөзінше, заңсыз салынған әрбір нысан заң бұзушылық қана емес, мемлекеттік жоспарлауға, құрылыс саясатына қарсы әрекет. Себебі мұндай әрекеттер адам өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Өңір басшысы заңсыздыққа тосқауыл қоюмен қатар, бюрократияға да жол бермеу керек дейді.

Сонымен бірге, облыс әкімі тұрғындар айлап, жылдап құжат жинап, табалдырық тоздырмауы тиіс деп санайды. Шекара аумақтарында, демалыс және рекреациялық аймақтарда өз бетінше құрылыс салуға қатаң тыйым салынатынын да нақты ескертті. Ол енді заңсыз құрылыс нысандары анықталса ауыл және аудан әкімдері, салаға жауапты шенеуніктерге қатаң шара қолданылатынын атап өтті.

Айта кетейік, 2025 жылдың өзінде бюджет қаржысының есебінен салысн жатқан жүз құрылыс нысанында заңбұзушылық анықталған. Осыған сай 121 әкімшілік хаттама толтырылып, 103 миллион теңге айыппұл салынған. Оған қатысты құрылыс компаниялары да шет қалмапты. Олардың лицензиялары бойынша жекелеген жұмыс түрлері тоқтатылған.

Дилара Иса