Шымкентте көпбалалы аналардың әлеуметтік картасы жасалуда

326

1 сәуірден бастап, көпбалалы аналар ұлғайтылған көлемде атаулы әлеуметтік көмек алады.

Мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға ие болу үшін отаналар құжаттарын құнттауы қажет. Егер рәсімделетін құжаттары түгел әрі заңды болса, ешқандай кедергісіз жәрдемақыға ие болады. Өткізілетін құжаттарды рәсімдеу жолымен қала әкімінің орынбасары Гүлжан Мамытқызының өзі кеңес берді. Сондай-ақ, бүгіннен бастап, аптаның әр сәрсенбісінде жұмыспен қамту орталығында азаматшаларды қабылдайтынын жеткізді.

Бұдан бөлек, қалалық жұмыспен қамту орталығының төрт ауданындағы ассистенттер көпбалалы аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Көпбалалы аналар жөнінде деректер әрбіріне әлеуметтік карта  жасақтау  үшін керек.

Гүлмира Әлімханова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының Абай ауданы бойынша ассистенті

Гүлмира Әлімханова, қалалық жұмыспен қамту орталығының Абай ауданы бойынша ассистенті: «Бала мүгедектігіне алынатын жәрдемақы кіріс көзіне кірмейді. Және 1 жасқа дейін балаға алынатын жәрдемақы, «Алтын Алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің де  жәрдемақылары кіріс көзіне жатпайды. 4 баласы бар үй шаруасындағы әйелдің әр баласына алынатын жәрдемақысы да есепке алынбайды. Тек отбасындағы 1,2,3 топ ересек азаматтардың кірісі есептелінеді».

Атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, баспана кезегіне тұру, тұрақты жұмысқа орналасу сынды сауалдарын көтерген аналар тиісті жауаптарын алуда. Қабылдауға келгендер электронды кезек бойынша кіріп, мәселелерін жеке-жеке жеткізуде. Арасында жеке кәсібін ашқысы келгендерге де кеңес берілуде.

Айта кететін жәйт, енді 1-ші  сәуірден бастап, көпбалалы аналар  атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бір ғана құжат көрсетеді. Ол  жеке куәлігі. Өйткені, отбасындағы  балалар және кіріс көзі жөнінде мәліметтер базада бар.

Шынар Оразова