Шымкентте аяқ, қолы сынып, түрлі дене жарақатын алғандар үшін ауруханаға жату жағдайы оңтайландырылды. Өйткені қаладағы амбулаториялық хирургия, травматология және гинекология бөлімшесі клиникалық ауруханамен біріктірілді. Түрлі дене жарақатын алғандар енді №1 клиникалық аурухананың базасында медициналық көмек алатын болды.
Абдумалик Хабибовтың амбулаториялық орталыққа келіп жүргеніне осымен 2 ай. Қос бірдей тізесіне 2 рет ота жасатқан қала тұрғыны тағы да дәрігерлер қабылдауында. Бұл жолы жаңа мекен-жайға ауысқан ақ халаттылар отадан кейінгі жіпті алды. Жарақаты жазылған емделуші жаңа орталықтың келушілерге пайдалы тұстарын тізбектеп берді.
Абдумалик Хабибов, науқас: «Бұған дейін бұрынғы бөлімде қараған еді. Негізі медициналық қызмет қандай мекенжайда орналасқаны маңызды емес. Бастысы сапалы қызмет жасаса болғаны. Біздерге керегі сол. Ал, «Рощаға» ауысқанына әрине қуаныштымын. Себебі мұнда қанша дегенімен негізгі бөлім бар. Яғни, орталықта қызмет жасайды деген сөз, демек барлық техника қарастырылады деген сөз. Сондықтан да дән ризамыз».
Еске сала кетейік, күні кеше қаланың 4 бірдей бөлімшесі клиникалық №1 ауруханаға қосылған еді. Олар амбулаториялық, хирургия, травматология және гинекология бөлімшелері. Күніне 300-ге жуық науқасты қабылдайтын орталықтың мамандары науқастарға алдын ала ескерту жұмыстары жасалғандығын да айтады. Оған сенбеске шара да жоқ. Себебі бүгін кабинеттерде ем қабылдаушылар қарасы аз емес.
Мұхтар Ілиясов, бөлім меңгерішісі : «Бүгінгі таңда бізге берілген барлық кабинеттердің іші толықтырылып, жұмыстарын бастады. Өздеріңіз көріп отырғандай барлық білікті мамандар қызметін көрсетуде. 3 травматолог, 2 хирург және 2 лор дәрігерлері мен УДЗ де жұмысын тоқтатқан жоқ. Сонымен қатар, тіркеу бөлімі жұмыс жасап тұр. Барлығы да тиісті қызметтерін жалғастыруда. Айта кетейік, көшу барысында бірде-бір маманымызды жоғалтпадық. Айлықтары да өзгертілмеді».
Айта кету керек, орталықта барлығы 200-ге жуық маман науқастарға үздіксіз қызмет көрсетеді. Сонымен тұрғындарға тағы да құлаққағыс. Осыған дейін Ғани Ильяев көшесіндегі аяқ-қолы сынған жандарды қараған орталық енді жұртшылықты №1 клиникалық ауруханада қабылдайтын болды.
Назерке Үкібасова