Құрылыс қоршауында қалған қараша араша сұрайды

216

Қаладағы Н. Назарбаев даңғылындағы №172 үйдің тұрғындары айнала салынып жатқан құрылыс жұмыстарына наразы. Талаптары қаптаған құрылыстың орнына балалар алаңшасы салынса дейді. Ол үшін қалалық, аудандық әкімдікке арызданып, талай есік қаққандарын айтады. Тек бізге рұқсат бере алмайтын әкімдік, өзгелердің жұмысын жандандыруға сеп болып отыр дейді.

«Нұрсәт» шағынауданында №172 үй бүгінде құрылыс ғимараттарының құрсауында қалған. Бір жағында сауда үйінің құрылысы жүріп жатса, дәл алдында тұрғын үй кешенінің құрылысы қарқын алыпты. Ол аздай енді көпқабатты үйдің оң жақ бөлігінде коммерциялық нысанның іргетасына жер қазылуда.

Бибіайша Ысқақова, №172 үйдің тұрғыны: «Осы жерде балаларымыз ойнайтын, кір жаятын едік. Өздеріңіз байқағандай айнала қоршаған құрылыс. Қонақ үй салынады дейді. Балаларымыз басқа аулаға барып ойнайды. Жол өтеді. Көліктер кіріп, шығып, маза жоқ…».

Аманкүл Сатыбалдиева, № 172 үйдің тұрғыны: «Құжаттарымыз бар, арызымызды бердік. Неге екенін білмеймін, мәселе шешілмей қойды ғой».

Н. Назарбаев даңғылындағы бесқабатты үйге қоныстанғандарына он жыл болған тұрғындардың бармаған жері қалмапты. Аудан, қала әкімдігінен бастап нұротандықтарға да арыздарын жеткізген. Кезекті арыз қала әкімдігінің фронт-кеңсесінде ақпанда тіркеліпті. Арыз бойынша оң шешім болатынына Қарату ауданы әкімдігі де үміт артып отыр.

Марат Тәжібаев, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Қала әкімі электронды түрде қабылдайды. Біз де жаздық, енді мәселелеріңіз шешіледі ғой күтсеңіздерші».

Аудандағылар қала әкімдігінен жер бөлінсе, балалар алаңшасын соғып беруге дайын. Тек рұқсат беріліп, құжаттарын құнтталса болды деп отыр.

Шынар Оразова