Қазығұрт ауданында электр жарығын тартпақ болғандар газ құбырын бұзып кеткен

421
Қазығұрт ауданында электр жарығын тартпақ болғандар газ құбырын бұзып кеткен

Қазығұрт ауданында 23 елдімекеннің тұрғындары көгілдір отынсыз отыр.

Табиғи газды тоқтатуға негіз болған мына магистралды құбырдағы тесік.

Жексенбі күні сағат 15.35 диспетчерлік қызметке Жұмысшы ауылында жер астындағы газ құбырынан газ шығып жатқаны жайлы хабар түскен. Аудандық газ шаруашылығының мамандары оқиға орын алған жерге жедел жеткен.

Айбек Ерғали, газ шаруашылығының өкілі: «Мердігерлер Су жинау нысанына электр жарығын тартамын деп бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, дәл біздің құбырды тескен. Соның салдарынан 7 газ тарату, 114 ШРП -ның жұмысы тоқтатылды. Шығынды  өтеу керек».
Сала маманы «қолданыстағы заң мен ережелерге сәйкес елдімекен, дала алқабы болсын қазу жұмыстары тиісті мекемелердің келісімі негізінде жүргізілуі тиіс» дейді. Осы талап орындалғанда апат орын алмайтын еді деп есептейді газшылар. Су жиналатын орынға тапсырыс берген жауаптылар жағдай бақылауда деп отыр.

Бақберген Құралбаев, Қазығұрт ауданы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы: «23 елдімекенде газ жоқ, 2810 абонент көгілдір отынсыз отыр. Орын алған жағдай жайлы ауыл әкімдері мен ақсақалдарын жинап,  халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік».

Алайда апат орын алған Жұмысшы ауылының тұрғыны шенеуніктің сөзін теріске шығарды. Тұрғындар жексенбіден бері көгілдір отынсыз отырғанының себебінен бейхабар болып шықты.

Мақпал Қазығұрт ауданы Жұмысшы аулының тұрғыны: «Газ жоқ, қиналып жатырмыз, самаурын қойып, ошаққа тамақ пісіріп. Құбыр жарылды деді мен тесік деді ме білмейміз. Әкімдер еш түсініктеме бермеді».

Магистралды құбырдағы ақаудың салдарынан енді 23 елдімекендегі 3 мыңға тарта тұтынушы 7 өндірістік 17 коммуналдық тұрмыстық нысандар газсыз отыр. Қазу жұмыстарын жүргізген мердігер топотүсірілімде газ өтетінін көрсетілмегенін алға тартады. Осыған қарамастан барлық шығындарды өтеуге дайынмын дейді.

Нұрдәулет, мердігер компанияның өкілі: «Көрдіңіздер құбырды алып келдік.тез арада дәнекерлер, ақауды жөндеуге әрекет етеміз. Шығындарды өтейміз».

Қазығұрт ауданында электр жарығын тартпақ болғандар газ құбырын бұзып кеткен

Аудан әкімдігі газ шаруашылығына келтірілген шығын міндетті түрде өтелетінін жайлы кепілдік хат та беретін болды. Көгілдір отын магистральдағы жұмыстар, сығымдау аяқталысымен сәуірдің 29-на беріледі деп сендірді жауаптылар.

Шынар Оразова