Әлеуметтік желілерде сүйіктісіне үйлену ұсынысын ерекше етіп жасағандардың видеосы көп жарияланады. Жарық шамдар, қымбат көлік, 101 раушан гүлі. Алдағы 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күнінде сондай ерекше видеоларының еселенетіні рас. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні деп аталып кеткен бейресми мереке қарсаңында бұған дейін сүйіктісіне ерекше үйлену ұсынысын жасаған жігіттерге хабарласып, әңгімелестік. Идеяның қайдан пайда болғанын, қанша шығын жұмсағанын білдік.
«Бір-бірімізді сүйеміз, ұсыныстың керегі жоқ»
Рахим Юлдашев 26 жаста. Олның сүйіктісі Әминамен бірге жүргендеріне 2 жылға жуықтаған. Айтуынша, сүйіктісіне «маған тұрмысқа шығасың ба?» деп арнайы сөз салуды мүлдем жоспарламапты. Тіпті, оның қажеті жоқ деп ойлағанын жасырмайды.
Рахим Юлдашев, қала тұғыны:
– Әмина екеуміз бір-бірімізді қатты жақсы көреміз. Маған тұрмысқа шығуға дайын екенін білетінмін. Тіпті, екеуміздің де ата-анамыз біздерді танитын. Барлығы айдай анық болған соң, ұсыныс жасамаймын деп ойлайтынмын. Бірақ Әмина екеуміздің ортақ досымыз қыз баласы үшін сүйген жігітінің ұсыныс жасауы тойдан да маңызды екенін айтып, «мұндай қуаныштан қызды айырма» деп, құлағыма құя берді. Ұсыныс жасаймын деп шештім. Алдымен кәдімгі мейрамханаға барып, барлығының көзінше жүзік ұсынбақ болдым. Байқасам, жігіттердің басым бөлігі солай жасайды екен. Жо-жоқ, менің Әминам одан да күштісіне лайық. Сол үшін қызықты, өзгеше сценарий ойлап таптым.
Әуе шарында жасалған ұсыныс
Рахим ойлана жүріп, инстаграмнан Ашық аспан халықаралық әуе шарлары фестивалінің өтетінін біледі. «Ұынысты сонда жасаймын» деп шешеді. Фестивальдің екінші күнінде Әминаға хабарласып, «Фестивальге барамыз, дайындал, фотограф жалдадым, сол үшін әдемі киініп келейік» дейді. Жүзік, гүл дайын. Әуе шарына Рахим, Әмина және фото, видеоға түсіру үшін бір досы мініп, көкке көтеріледі.
– «Сөз салу оп-оңай, жүзікті бересің, тағасың, онда тұрған не бар» деп ойлайтынмын. Бірақ, жүзікті алу үшін қолымды қалтама салғаным сол еді, қолдарым, тізем дірілдеп, қара терге түстім. Тіпті, қобалжығаннан жүзіктің қорабын өзіме қаратып ашып, ұсыныс жасаппын. Оны кейін фотолардан көрдім. «Маған тұрмысқа шығасың ба?» деп айттым. Әмина жылап жіберді. Қолында жүзік, гүл, жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап тұр. Сол сәтте осыған дейін «ұсыныс жасамаймын» деген ойымның қате екенін түсіндім. Мен осы қадамды жасағаныма бақыттымын,-дейді романтик жігіт.
Кеткен шығынды ашып айтқысы келмеген Рахим сүйгенінен ақша аямайтынын айтты. Олар қазір үйлену тойының қамына кіріскен.
1,5 мың долларға жасалған ұсыныс
Алматылық Руслан да қызына әуе шарында ұсыныс жасаған. Бірақ фестивальдегі шарда емес.
2016 жылы 15 сәуір. Тау баурайы. Руслан жүрек пішінді әуе шарын 2 сағатқа жалдап, көкке көтерілгенінде Гүлназға ұсыныс жасайды. 101 раушан гүлі мен бриллиант жүзігін табыстайды. Кешқұрым таудың етегінде романтикалық дастарқан жайып, кешті жандандыра түседі. Сосын салют атылады, гитарада ән айтылып, билейді. Русланға мұндай керемет идея ұсынған туған қарындасы екен.
«Гүлназ өте қуанды, бақытты екенін көрдім. Мен үшін оның бақытты болуынан артық ештеңе жоқ» деген Русланнан кеткен шығынын сұрадық.
Әуелі айтқысы келмеген ол, ақыры мойындады. Сонымен, әуе шарын сол кезде 2 сағатқа жалға алу үшін 150 мың теңге, 101 раушан гүлі – 80 мың тг, бриллиант жүзік – 150 мың теңге. Бұдан бөлек кешкі ас, салют, жылтырақ шашулардың бағасын қосып, есептей беріңіз. Қазір бақытты жұптың екі қызы бар.
Ұшақ жалдаған Ұлыбек
Астаналық Ұлыбек сүйіктісі Айжанға жерден 10 мың метр биікте, ұшақ ішінде ұсыныс жасаған. 2013 жылы 22 наурызда қос ғашық Астанадан Ақтауға ұшып бара жатқанында стюардесса «Айжан Мендыгарин, сіз үшін ерекше ұсыныс бар, орныңыздан тұрып, бізге жақындаңыз» деді.
– Мен ол кезде Айжанға «қазір келем» деп стюардессалардың бөлмесіне кетіп қалған едім. Стюардесса Айжанның атын атағанда мен де шығып, микрофонды алып, сүйіктім жаныма жеткенше жүрегімдегі жылы сөздерімді айттым. Онымен отбасын құрғым келетінін жеткіздім. Дәл жаныма жақындағанда тізерлеп отырып, «Маған тұрмысқа шықшы» деп жүзікті ұзаттым. Өте бақытты сәт. Жолаушылар да мәз. Сол сәттегі видео әуе компаниясының ютуб каналына жариялаған соң, оны көптеген телеарналар мен сайттар бөлісіп, «хитке айналдық,-дейді Ұлыбек.
Кеткен шығынның нақты санын айтпаған Ұлыбек «Қандай шығын болса да, Айжан лайық» деп қысқа қайырды. Айжан мен Ұлыбектің бүгінде бір қыз, бір ұлы бар.
АҒА БУЫН ПІКІРІ
Бүгіннің жастары сүйіктісіне ұсыныс айтарда ақшасын аямайды, қиялына ерік береді. Ал аға буын өкілдері қайткен екен?
– Белгілі жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт қай жағынан алса да о заман мен бұ заманды салыстыруға келмейтінін айтады.
— Қазіргі жастарға айтсаң ренжиді, бірақ біздің кезімізде дүниеге мән бермедік. Адалдық, қарапайымдылық, кішіпейіл, мейірім деген дүние бірінші орында болды. Ғашықтардың бір-біріне сезімі пәк, мөлдір болатын. Өйткені біз «Мөлдір махаббат», «Ғашықтар», «Қайдасың, Гауһар» сынды шығармаларды көп оқыдық. Жүзік беру, машина жалдау, дүниемен айналдыру болмады. Гүл емес, балмұздақ әпердік. Қымбат орындарға бармай көшеде қыдырып, оқыған кітабымызды талқылайтынбыз. Дәмханаға емес, кітапханадан бас алмайтын едік. Жан жарым Қызданаймен де сол кітапханада таныстым. Сол жерде жұмыс істейтін. Сөйтіп, кітап оқуға келіп, жүрегімнің иесін таптым. «Маған тұрмысқа шығасың ба?» деп, тізерлеп отырып ұсыныс жасау жоқ қой ол кезде. Отырып сөйлесіп, «шаңырақ көтереміз» деп шештік. Бірақ 1968 жылдары, Кеңес үкіметі құдалық жасау, қалың мал беруге тыйым салған кез. Кім заң бұзады қатаң жазаланады. Содан екі жақ келісіп 1968 жылы оны алып қашқанмын. Міне, 51 жыл өтті. Жұбымыз жазылмай, қол ұстасып келеміз. Ал жастарға айтарым сезім құр сөзбен, қымбат сыйлықпен өлшенбейді. Сүю деген ол-сыйластық, түсіністік, сенім,-дейді жазушы.
Белгілі өлкетанушы, журналист «Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары Кеңесбай Исмайлов жан жары Ләззатқа ұсынысты студент кезінде, оқу орнының жатақханасында айтыпты. Ешқандай жүзік, гүл сыйламаған. Тек «Маған тұрмысқа шық» депті.
– «Бір жатақханада тұрдық, бір-бірімізді күнде көретін едік. Солай жүріп бір-бірімізді ұнаттық» деген журналист қазіргі жастардың бір-бірімен жарыса ұсыныс жасаған оқиғаларына еш қарсылығы жоқ екен.
«Елу жылда ел жаңа». Уақыт ағымымен заманның талабы өзгереді. Сол кезде біз неге осылай жасамадық? Өйткені, мұндай мүмкіндік болмады. Қазіргі жастарда ол бар. Қолдарынан келсе, жағдайы жетсе, тіпті, ғарышта жасасын. Бастысы сол әрекеті айналасына кедергі келтіріп, кері әсерін тигізбесе болды,-дейді өлкетанушы.
Ұсыныс жасау, жасамау әркімнің өз қалауы, әрине. Қыз баласы үшін «Маған тұрмысқа шығасың ба?» деген сөз айтылған күн ерек естелік. Ал 15 сәуір – сезім білдірудің жақсы орайы. Ендеше, бұл күн өміріңіздегі ерекше күндердің біріне айналсын.
Әлия ӘДІЛБЕК
«Оңтүстік Рабат» газеті, №15, 10 сәуір 2019 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті