Қазақстанда мәйіттік донор мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Елімізде ағзаға зәру науқастар кезегін жылдап күтеді. Өкінішке қарай, олардың кейбірі өз кезегіне жете алмай өмірден өтіп жатады. Сол себепті көп жағдайда науқастарға жақын туыстары донор болып жатады.
Осындай жағдай Арыс қаласының тұрғыны, 50 жастағы Ғалымжан Асылбайдың отбасында да орын алды. Ер адамға сүйген жары бүйрегін беріп, ерекше мүмкіндік сыйлады. Махаббат пен қолдау дерттен де күшті болған отбасы жайлы материалды назарларыңызға ұсынамыз.
Бұл отбасын шын мәнінде бірін-бірі толықтырып тұрған жандар деуге болады. Ғалымжан Асылбай мен Лаура Әзімбаева – 23 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан ерлі-зайыптылар. Қазір олар жеті баланы тәрбиелеп отыр. Бірнеше жыл бұрын Ғалымжанға созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған болатын.
Екі жыл бойы оның өмірін гемодиализ аппараты сақтап тұрды. Бұл отбасы үшін өте ауыр кезең болды. Сол кезде жұбайы Лаура оның жалғыз үмітіне айналды. Және дәрігерлер жан-жақты тексерістен кейін, барлық талапқа сай келетін донор – дәл осы Лаура екенін анықтады.
ҒАЛЫМЖАН АСЫЛБАЙ, РЕЦИПИЕНТ: «Осы желтоқсан айынын 22 ота болды. 1 аптадай жатқызды осы жерде. Қазір жағдайым жақсы. Диализ қабылдап жүргенде креатин 1200-1300 еді. Қазір 70-90. Қан қысымым 120-130 өткенде 110-ға дейін түсті».
Ота жасау үшін 42 жастағы әйел алты ай бойы тыңғылықты дайындықтан өткен. Осы уақыт ішінде 40 келі салмақ тастап, донор болуға рұқсат алды. Жоғары технологиялы операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында, тәжірибелі мамандардан құралған мультидисциплинарлық топтың қатысуымен небәрі 1 сағат 27 минутта сәтті жүзеге асырылды.
ЛАУРА ӘЗІМБАЕВА, ДОНОР: «Салмағым болды. Бір шетінен балаларым майда болды. Ең кішкентай қызым ол кезде 4 айлық еді. Сол себепті ол 2 жылдың ішінде менде мүмкіндік болмады. Оның үстіне дәрігерлер де рұқсат бермеді. Сонымен 2 жыл өткеннен кейін салмақ тастап қызым бір жас алты ай болған кезде мен нақты кірістім».
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда мәйіттік донорлық әлі де жеткілікті деңгейде дамымаған. Қазір трансплантациялардың басым бөлігі тірі донорлардан, көбіне жақын туыстардан ағза алу арқылы жасалады. Бұл олардың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Ал көптеген дамыған елдерде ағзалар негізінен қайтыс болған адамдардан алынады екен.
РАХЫМЖАН ҮМБЕТЖАНОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ТРАНСПЛАНТОЛОГ-ДӘРІГЕРІ: «Әлемнің көптеген елдері мәйіттік трансплантацияны белсенді дамытып жатыр. Мысалы, Сауд Арабиясында жыл сайын шамамен 300 ота мәйіттік донор есебінен жасалады. Діни дәстүрлері берік Иранда жылына 500-ге жуық мәйіттік трансплантация жүргізіліп, туыстық донорлықтан бас тартылған. Менің ойымша, Қазақстанға да мәйіттік донорлықты дамыту қажет. Салыстыру үшін айтсақ, Беларусь елінде бүйрек трансплантациясы шамамен 60 мың еуро тұрады, ал бізде бұл операция тегін, бірақ донор жетіспейді. 2025 жылы трансплантацияға мұқтаж 5 мың адамның 380-і ағза табылмай, көз жұмды».
Бүгінде Қазақстанның кез — келген азаматы электронды үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейін ағзаларын алуға келісім беруге немесе бас тарту туралы өтініш қалдыра алады. Мамандардың сөзінше бір ғана донордың ағзалары сегіз адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Трансплантациялауға бүйрек, бауыр, ұйқы безі, жүрек және өкпе жатады. Ол үшін қан тобы мен тіндердің сәйкестігі міндетті түрде ескеріледі.
Ботакөз Әнуар






