Úı ANONS «5 адамды ажал құштырды»: Арыста жантүршігерлік оқиға орын алды

«5 адамды ажал құштырды»: Арыста жантүршігерлік оқиға орын алды

Арыста жантүршігерлік жол апаты бес адамның өмірін қиды. Мас күйде көлік жүргізді деген күдікке ілінген жүргізуші екі отбасы отырған орындықты қағып өткен. Қаза тапқандар арасында жүкті әйел мен екі бала бар. Қайғылы оқиғаның мән-жайы, аман қалғандардың жағдайы және туыстарының жанайқайы – алдағы сюжетте.

 

Арыста жантүршігерлік оқиға екі бала мен жүкті әйелдің өмірін қиды. Көлік тізгініне ие бола алмай қалған мектеп мұғалімі өз үйінің маңындағы орындықта отырған екі отбасының 5 адамын қағып кеткен.

 

Оқиға 6 маусым күні кеште болған. Айдың-күннің амандығында қара жамылған көрші екі отбасы әлі ес жинай алмай отыр. Айтуларынша, жоғарғы жылдамдықпен келген көлік дәл осы қоршауды бұзып өткен. Сондағы орындықта отырған 5 адамды қағып, оқиға орнынан бой тасалаған.

ҒАНИ АЙДАРОВ, МАРҚҰМ ӘЙЕЛДІҢ ҚАЙЫНАҒАСЫ: «Екі келін отырған. Өз келінім мен көрші келін. Осы жерде әңгіме қылып отырған. Осы үйде апамыз тұрады. Сол кісі де отырған. Сол апаны бала-шағасы шақырған кезде, орнынан тұрып жатқан кезде мына жақтан машина келіп соққан. Сөйтіп мына кісінің иығы сынды. Біздің баламыз бен келініміз кетті. Көрші келініміздің 5 жасар қызы кетіп отыр». Кішкентайымыз топырақтың астында қалған. Машина соққан келіп. Топырақтың астынан тауып алдық. Келініміз қораның ішіне кіріп кеткен. Ұшырып жіберген ары қарай».

 

Жаға ұстатқан жайт көшеде ойнап жүрген балалардың көз алдында болған. Оқиға орнында тіл тартпай қайтыс болған әйелдің артында үш баласы қалған.

АҒАЙША МАНАТОВА, МАРҚҰМ ӘЙЕЛДІҢ ЕНЕСІ: «Енді өне бойы менің жүрегімді тіліп өтеді бұлар. «МАМАМ ҚАНЕ ДЕП. Қайтем енді? Қайдан тауып беремін? Ойбай-жаным-ау! Енді осылар қор болмай өссін деймін».

Ал дене жарақатын алған екі адам жедел жәрдеммен Арыс аудандық ауруханасына жеткізілген. 30 жастағы анасының жағдайы қалыпты болғанымен, оның бір жарым жасар баласы әлі ес жимаған. Баланың жағдайы ауыр болған соң оны дәрігерлер облыстық балалар ауруханасына жеткізген. «Миы шайқалып, 5 қабырғасы мен сан сүйегі сынып кеткен» дейді дәрігерлер.

 

АЙДАР АКБАРОВ, АРЫС АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: «30 жасар науқастың жағдайы орта дәрежелі. Оң жақ тізе буынының жабық сынуы және ми шайқалуымен хирургия бөліміне жатқызылды. Алғашқы көмек көрсетілді. Екіншісі 1 жас 6 айлық бала. Жан сақтау бөліміне жатқызылды. Өте ауыр жағдайда келді. Миы шайқалған. Оң жақ кеуде тұсының көптеген жабық сынуымен және санының жабық сынуымен жан сақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда ол баланы облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Жағдайы қалыпты»

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алдын ала мәлімет бойынша, ЖАК маркалы автокөліктің жүргізушісі ішімдік ісіп, мас күйінде болғаны анықталған.

«Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Қаза болған отбасы күдікті әйелге кешірім бермейміз деп отыр. Полиция жедел-тергеу тобы мән-жайды жан-жақты, толық және объективті анықтауға кіріскенін хабарлады. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Дилара Иса