Махаббат формуласы бар ма? Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері оның бар екенін көрсетті. Саннан емес сыннан тұратын формуланы сахналады.
Сержан мен Мөлдірдің тағдыры театрда тоғысқан. Шынайы сезіммен қосылған қос жүрек бірін-бірі киелі жерде кездестіргенін бақыт санайды. Сахнада жұптардың рөлін ойнай бермесе де, өмірде мәңгілік сыңар. Ғашықтар үшін махаббат тек екі адам арасындағы сезім ғана емес, әлемді ұстап тұрған ұлы күш.
Сержан Құттыбаев, Мөлдір Зияева, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері: «Махаббаттың арқасында адамдар көптеген қиыншылықтан құтылады. Махаббаттың арқасында адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі артып, өмірге деген құштарлықтары пайда болады. Махаббаттың арқасында осы күнге жеттік. Және біздің ұрпағымыз махаббаттың арқасында дүниеге келді».
Жан тебірентерлік өлең шумақтары, әуезді ән, әдемі қимыл. Әртістер осындай өнер арқылы махаббаттың құдіретін көрсетіп бақты. Ал, «Ғашықтар күніне» арналған сазды лирикалық кештің режиссері махаббат формуласын былай түсіндірді.
Алмас Шымалиев, қоюшы режиссер: «Сезім деген формула ғой. Бақытты жандар қай жағынанда тек бақытты болады. Болмаса бір-бірімізді түсінбей жатамыз деген сияқты. Күтіп алу, шығарып салу, кездесу, сүю, құшақтау осының барлығы есеп тұрғысынан алғанда формула…».
Залға жиналған көрермен өнердің күшімен сезімнің тұңғиығына бойлады. Режиссердің айтуынша, бұл кештің мақсаты – орындалған ән мен жыр арқылы келушілерді махаббат әлеміне енгізу. Мақсат орындалды да.
Жанерке Хумар