«Нұр Отан» партиясының Нұр-Сұлтанда өтетін съезіне делегаттар сайланды

190

«Нұр Отан» партиясының Нұр-Сұлтанда өтетін съезіне делегаттар сайланды. Президент сайлауына үміткер ұсынылатын жауапты жиынға саяси ұйымның Шымкенттегі 22 мың мүшесінен 30 өкіл іріктелді. Бұл туралы бүгін партия филиалының кезектен тыс конференцияда айтылды.

Қала басшылары мен мәслихат депутаттарының басын қосқан жиында партиялық жобаларды іске асыруда түрлі ұсыныстар талқыланды. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов біздің арна тілшілерімен партияның алдағы 10 жылдағы жоспарымен бөлісті. Айтуына қарағанда нұротандықтар алаулатқан, жалаулатқан жеңіл-желпі акцияларды ысырып тастап тек халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қызмет етеді.

Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Елбасымыз халықтың жақсы жағдайда өмір сүріп жатқанын бүгін көргім келеді деген-ді. Партия әлеуметтік жағдайды түзетуге барын салады. Бос уәделер айтылмайды. Айтылған уәделер орындалып жатыр. Алдағы уақытта да солай болады».

Мақпал Рысбаева