Қошқарата өзенінде қырылған балықтар төңірегіндегі дау толастар емес

277
Сергей Ефремов

Қошқарата өзенінде қырылған балықтардың төңірегіндегі дау толастар емес.

9 сәуірде Қошқарата өзенінде балықтар қырылып қалған болатын

Енді бұл мәселеге қатысты құзырлы органдардан бөлек қоғамдық ұйым өкілдері де араласты. Өзендегі шағын апатты экологтар «Су арнасы-Маркетинг» серіктестігіне тиесілі кәріз жүйесінен аққан шайынды судан көрген еді.

Ирина Казаринова, «Су арнасы-Маркетинг» ЖШС-нің өкілі: «Экология департаменті, санэпидемиологтар және бірқатар мекеме мамандарынан жасақталған жұмыс тобы тексеру жүргізген. Қошқарата өзеніндегі балықтардың қырылуына шайынды сулар себеп болды деген шешім шығарыпты. Біз бұл мәлімдемемен келіспейміз. Өйткені, балықтар шайынды судан қырылмайды. Олар химиялық заттардан қырылуы мүмкін. Сондықтан да біз өз тарапымыздан хат дайындап, бүгін-ертең экология департаментіне жолдаймыз».

Естеріңізге сала кетейік, Қошқарата өзенінде 9-сәуір күні балықтар қырыла бастағанын көрген тұрғындар дабыл қаққан еді. Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің жұмысшы тобы өзен жағасынан өткен кәріз жүйесіндегі шайынды судың құрамында зиянды заттардың жоғары мөлшерде екенін анықтаған.

Ал, Абай ауданы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары судан алған сынама таза шыққанын мәлімдеген. «Су арнасы-Маркетинг» жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігінің өкілі де судағы жәндіктердің қырылуына шайынды судың қатысы жоқ деген болатын. Осы мәлімдемеден кейін арнамызға келген қоғамдық ұйым өкілі өзендегі ахуалға қатысты өз ойын білдірді.

Сергей Ефремов, Түркістан облысы бойынша аңшылар мен балықшылар клубының әкімшісі: «Балық кәріз жүйесінен Қошқарата өзеніне аққан шайынды сулардың құрамында болған химиялық элементтерден қырылды. Себеп осында. Мен сенімдімін. «Водоканалдың» мамандарымен келіспеймін. Сіздер ұй тұрмысында не қолданасыздар ыдыс, кір жуатын химиялық қоспаларды, кәріз жүйесі толып қалса улы кротты химиялық элементтердің құрамында балықтың өміріне қауіп төндіретін заттар барын бала да біледі. Өкінішке қарай тек «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС-і ғана білмейді».

Шынар Оразова