«Шашбау тағу» дәстүрі дәріптелді

2236

Қыз он беске толғанда, шашбау тағады. Қазақ халқына ғана тән дәстүріміз сахна төрінде дәріптелді. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өнерлі студенттері шашбау тағу мен ерулік ас беру дәстүрін сахналық қойылым арқылы жиналған жұртқа түсіндірді.

Шолпы – ұлттық әшекей ғана емес, қыз баласының бойжеткенін білдіретін рәміз. Он бес жасқа толғанда жеңгесі екі үзбелі күміс шашбауды қос бұрымына тағады. Мұны – шолпы тағу дәстүрі дейді. Осы сәттен бастап бойжеткенін білген ару жүрісіне дейін мән бере бастайды. Өйткені құда түсушілер қыздың мінезін шолпысының сыңғырынан аңғарған.

Динара Бейсенбаева, Режиссура және актерлік шеберлік мамандығының 2-курс студенті: “Негізі шашбау күмістен жасалады. Шашбаудың салмағы 3 келіге дейін жеткен екен. Шашбау таққан қыздың жүрген жүрісі де аққудың жүрісіндей болған дейді ғой. Және сыңғырлаған дауысы естілмейтіндей болу үшін жасалынатын. Қазақтың қыздары ибалы, өнегелі болған ғой…”.

Сахнада “Шолпы тағумен” бірге “Ерулік” дәстүрі де дәріптелді. Мұнда қазақ халқының көл-көсір пейілі, дархан көңілі көрініс тапты. Жаңадан көшіп келген көршісін ерулік ас беру арқылы жанына жақын тартан.

Дария Қожамжарова, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетенің ректоры: “Дәуір қалай болуы керек? Сол дәуірмен қоса келе жатқан дәстүр бүгінгі таңда “Рухани жаңғыруға” байланысты, “Жеті кереметімізге” байланысты қазіргі XXI ғасырға қалай тоғысып отыр? Біз балаларымыздың осындай бастамаларын әрдайым қолдаймыз. “Рухани жаңғыруымыздың” екі жылдығына арналып түсірілген қойылымдар тек қана бастамасы. Және мен жастардан әрі қарай мұның үздіксіз сериялдары болады деп үміттенемін”.

“”Баяғының дәстүрін, салтын, ғұрпын бүгінгі ұрпақ ұмытпауы керек. Ал, жастарға жастардың түсіндіруі өтімдірек дейді университет ректоры. Өйткені, ұлттың рухын бойына дәстүр арқылы сіңірген ұрпақ отаншыл болады.

Жанерке Хумар