Жетісай ауданының полицейлері, бөтеннің мүлкін ұрлау мен тонауға қатысы бар күдіктілерді ұстауда белсенділік танытқан үш жергілікті тұрғынға алғыс айтты. Жетісай қаласында бір көшеде екі бірдей қылмыс орын алған.
Полицияға жергілікті тұрғын белгісіз бір ер азаматтың ұялы телефонын тартып алғандығы туралы арызданады. Біршама уақыт өткеннен соң кезекші бөлімге Жетісай қаласының тұрғынының автокөлігінен әмиян ұрланғандығы жайлы хабарлама келіп түседі.
Қылмысты ашу мақсатында Жетісай АПБ-нің қызметкерлері арасынан жедел-тергеу тобы құрылды. Қоғамдық көмекшілер Жасұлан Сабырханұлы мен Темірлан Қарабай, Марат Кукбаев полицейлерге күдіктінің тұлғасын анықтауға көмектесті. Азаматтардың қырағылығы мен ғимаратта орналасқан бейне бақылау камераларының арқасында Жетісай АПБ-нің қызметкерлері күдіктінің тұлғасын анықтап, дер кезінде ұстайды. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде.
Қылмыскерді ұстауда азаматтық позицияның белсенділік танытуы мен көрсеткен көмегі үшін Жетісай АПБ-нің басшысы, полиция полковнигі Ермахан Абдраманов салтанатты іс-шара ұйымдастырып, Жетісай ауданының тұрғындарына бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырып, марапаттады. Сонымен қатар оларға өмірде дендері сау болып, сәттілікті серік етулеріне тілек білдірді.