Жұмыс беруші басқа шықса…

630

«Жалақымды бермей жатыр», «Айлығымды азайтып тастады», «Жұмыстан заңсыз шығарды». Еңбек шартында жұмыс берушінің де, жұмыскердің де құқығы мен міндеттері анық айтылып, айқындалса да осылай арызданатындар көп. Тіпті, жұмыс барысында денсаулығына зақым келіп, өтемақысын ала алмай жүргендер де кездеседі. Құқығы тапталып, артық жұмысқа жегіліп жатқандар кімге жүгініп, кімнен араша сұрайды? Шымкент қаласы еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Ғалымжан Шәріпов әр жұмысшының білуі тиіс құқықтары мен міндеттерін айтып берді.

Орынбасарын қайта жұмысқа алған директор

Берік (аты өзгертілген) қаламыздағы мектептердің бірінде директор орынбасары қызметін атқарған. Бір күні басшысы еш ескертусіз, еш себепсіз оны жұмыстан шығарыпты. Берік еңбек инспекциясына арызданған. Бақылау тобы құрылып, мекеме толығымен тексеріледі. Еңбек инспекторлары расымен де, мектеп басшылығының өз қызметкерін заңсыз жұмыстан шығарғанын анықтайды. Нұсқама толтырып, мектеп басшылығына жолдайды. Бірақ мектеп директоры оған бағынбай, қызметкерін қайта жұмысқа алудан бас тартыпты. Еңбек инспекциясы директорды Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 462 бабы, яғни қадағалау органдарының талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ дөрекілік көрсеткені үшін білім басқармасы арқылы да тәртіптік жауапкершілікке тартады. Ақыр соңында істің сотқа жіберілетінін білген мектеп басшысы өз қателігін мойындап, Берікті қайта жұмысқа алады.

Декретте жүргенінде жұмыстан шығарған

Ал Зәурені басшылығы декреттік демалыстан ( бала күтімі бойынша ақысыз демалыс) кейін жұмыстағы өз орнына алмай қойған. Зәуре 2015 жылы декреттік демалысқа шығып, 2018 жылы өз орнына қайт келуі керек болған. Бірақ басшысы, оның орнына басқа қызметкерді алғанын айтып, кабинетінен «шығарып салған». Зәуре еңбек инспекциясына арызданады. Тексеру барысында Зәуре мен жұмыс берушінің арасында еңбек шарты түзілгені және жұмыс берушінің өз міндетін дұрыс атқармағаны анықталып, кәсіпкерлік кодекс бойынша басшылыққа ескерту жіберіледі. Жұмыс беруші өз олқылығын реттеп, Зәуре жұмысына қайта кіріседі. Кейіпкеріміз қарсы арыз жазып, шағымының тоқтатылуын сұраған.
Ғалымжан Шәріпов Заң бойынша, азамат декреттік демалысқа 3 жылға дейін шығатынын айтады. Бірақ, 3 жыл болмай жатып та өз міндеттеріне қайта кірісе алады. Тек, 1 ай бұрын басшысына хабар беруге міндетті. Сол уақыт аралығында жұмыс беруші декреттік демалысқа кеткен жұмыскерінің орнына алған қызметкерді жұмыстан шығаруы тиіс.

Еңбек шартын жасамай жұмыс істеген

Келесі кейіпкеріміз Алма Сағындықова (аты өзгертілген) қаламыздағы жеке меншік мекемелердің бірінде тазалықшы болып жұмыс істеген. Еңбек шартын жасамай, аптасына 5 рет және 8 сағаттан жұмыс істеуге ауызша келіседі. Жұмыс беруші ол талаптарды орындамайды. Алма кей күндері 10 сағаттап тер төккені аздай, демалыс күндері де жұмысқа шығуға мәжбүр болыпты. Неліктен? Өйткені бастықтың тапсырмасы. Алма әділетсіздікке шыдамай, қалалық еңбек инпекциясына барып арызданады. Арыз қаралып, бақылау тобы құрылып, мекемені тексеру жұмыстары жүреді. Бірақ Алманың еңбек шарты жоқтығынан және қолында оны артық жұмысқа жегілгенін растайтын ешқандай құжат, еш дәлел болмағандықтан мәселе шиеленісе түседі. Жұмыс беруші жұмыс сағатын белгілейтін табельде Алманың аптасына 5 рет және 8 сағаттан жұмыс істегенін көрсетіп, толтырған. Еңбек шарты болмағандықтан еңбек инспекциясы бұл істі сотқа жібереді.

Жұмысқа кірерде ескеру керек

Ғалымжан Шәріпов жұмысшылардың еңбек құқығы бұзылатын оқиғалар өте көп екенін айтады. Сондықтан, азматтарға жұмысқа кіріспес бұрын еңбек шартын түзу керектігін ұмытпауды ескертеді.

Ғалымжан Шәріпов, еңбек қатынастарын, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлім басшысы:
– Еңбек келісімшарты – қызметкер мен жұмыс беруші арасында жасалған шарт. Осы құжатта екі тараптың нақты міндеттері мен құқықтары, мәселе туындағанда шешу жолдары айқын көрсетілуі тиіс. Ол міндетті түрде 2 данада жасалып, бір данасы қызметкердің қолында болуы керек. Шартқа қол қоюдан алдын оны мұқият оқыңыз, түсінбесеңіз бізден кеңес алыңыз. Өйткені ҚР заңнамасы негізінде әр салаға байланысты белгіленген уақыт мерзімдері бар, вахталық қызмет болса да, түнгі уақыт болса да, қосымша төленетін ақысынан бастап барлық шарты заңнама аясында жазылуы керек. Жұмысқа тек қана еңбек шартына қол қойылып, бұйрық шыққаннан кейін кірісу керек. Егер де жұмысқа орналасқаннан кейін еңбек шарты жасалмаса, адамның еңбек құқы бұзылғаны туралы ешқандай мемлекеттік орган не болмаса сот растап, қорғап қала алмайды және барша мемлекеттік кепілдіктерден айырылады. Шартқа толықтыру енгізіп немесе мүлдем тоқтатуға болады, бірақ екіжақты келісім арқылы ғана. Яғни, жұмыс беруші сіздің жалақыңыздың көлемін, жұмыс сағатыңызды немесе міндетіңізге толықтырулар енгізгісі келсе, келісімшартқа өзгеріс енгізу туралы хабарламаны сізге беріп, сіз оны 5 жұмыс күні ішінде қарап, қабылдаған шешіміңізді хабарлауға міндеттісіз.

Қай кезде сізді жұмыстан шығарады?

Ғалымжан Шәріповтің сөзінше, жұмыс беруші қаржылық жағдай қиындаған кезде ғана штаттың немесе қызметкерлердің cанын қысқарта алады. Бірақ ҚР Еңбек кодексінің 53-бабына сәйкес, ол бұл шешімі жайлы қызметкерді бір ай алдын жазбаша түрде ескертуі тиіс. Сосын ғана қызметкердің жазбаша келісімі беріліп, еңбек шарты тоқтатылады. Қысқартуға ілінген азаматқа бір айлық орташа жалақы көлемінде жұмысынан айырылу себебіне байланысты өтемақы және пайдаланбаған демалыс күндері үшін де өтемақы алады.

Денсаулығыңызға зақым келсе…

Арызданушылардың тағы бір бөлігі – жұмыс кезінде өндірістік жарақат алып, әлеуметтік жәрдемақысын ала алмай жүргендер.
– Қызметкер жұмыс уақытында, жұмыс орнында өндірістік жарақат алса немесе денсаулығына зиян келсе, жұмыс беруші қызметкеріне еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен мүгедектік тағайындалғанға дейін немесе денсаулығы жақсарып, еңбекке жарамды болғанға дейін жәрдемақы төлеуге жауапты. Егер қызметкерінің өмірін сақтандырған болса, мүгедектік тағайындалғаннан кейін әрі қарайғы шығынды сақтандыру компаниясы төлейді, егер сақтандырылмаған болса, жұмыс беруші төлеуге міндетті. Егер еңбекке жарамсыздығы жалпы аурулар тізімінен шығатын болса 15 АЕК көлемінде, ал егер өндірістік жарақат алса жалақысының 100 пайызы көлемінде төленеді,-дейді Ғалымжан Шәріпов.

«Өз еркіммен жұмыстан босатуға мәжбүрлесе…

Біздің бөлім 2018 жылдың қыркүйегінен жұмыс істей бастады. Бізге көбіне жалақы бермеу, жалақыны кешіктіру, жұмыстан заңсыз шығару, есеп-қисап айырысу, артық жұмысқа жегу мәселелері бойынша жүгінеді. Арасында жұмыс берушісімен ұрсысып қалып, жала жабатындар да кездеседі. Біз көмек бере алмайтын жағдайлар да бар. Мысалы көбі жұмыс берушінің қорқытқанынан «өз еркімен жұмыстан босату жөнінде» арыз жазып алып, бізге «зорлап жаздырды», сол үшін «мені қайтып өзімнің жұмысыма орналастырыңыздар» деп көмек сұрайды. Мұндай кезде қолдан ештеңе келмейді, өйткені құжат бойынша «өз еркімен босатуды» сұраған. Сондықтан, егер сіздің ешқандай да айыбыңыз болмаса, жұмыстан шығатын ойыңыз болмаса «өз еркіммен жұмыстан босатуды сұраймын» деп жазуға болмайды,-дейді ол.
Маманның айтуынша, бөлімге келіп түскен арыз 15 күннің ішінде қаралып, тиісі шешімін табады екен. Күрделігіне қарай мерзімі 1 айға ұзартылуы мүмкін. Сондай-ақ Ғалымжан Шәріпов үшінші тұлғаның жазған арызы қаралмайтынын ескертті.
Егер де қандай да бір еңбек құқығы бұзылса, мәселені бірінші жұмыс берушімен екеуара шешуге тырысу керек. Сонда да нәтиже шықпаса, еңбек инспекциясы жүгініңіз. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді және еңбек келісімшартыңызды ала келуді ұмытпауды ескертеді.

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті, №15, 10 сәуір 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті