Түркістан облысы Созақ ауданында айырықша жарыс өтті. Жастар қой қырқып, ешкі сауып, самаурын қайнатып сайысты. Бүгінде жастар арасында таңсық болып бара жатқан ұлттық ойындар ойнатылды.
«Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп атағаны баршаға аян. Жастар жылында жастарымызды барынша қолдап,ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында Түркістан облысы, Созақ ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ауыл Games» сайысын ұйымдастырдық»-дейді Созақ ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Жеңісәлі Бақытжанұлы.
Ашық аспан астында, табиғат аясында өткізілген «Ауыл games» сайысына ауылдық округтерден 11команда қатысып, бақ сынады.
Сайыс 6 бағыт бойынша (Ләңгі тебу, Асық ату, Қой жүнін қырқу, Ешкі сауу, самаурын қайнату, табаға нан пісіру) өткізілді.
Ауылдың бір күндік тыныс тіршілігінен көрініс беретін шараға қазылық етуге Түркістан облысытық Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Сейт Ескермесұлы,Созақ ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернар Құралбекұлы, Сызған ауылдық округінің әкімі Серік Сахиұлы, Созақ ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Жеңісәлі Бақытжанұлы және ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер келді.
Ұлттық ойындарда белсенділік танытып, көзге түскен қатысушылар мен орын алған командаларға Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Жанар Есенбекова