Ел қорғаған ауылдастырына құрмет

285

Бәйдібек ауданының Талап ауылында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне қызу әзірлік жүріп жатыр.
Аз уақыт қалды. Көбі бұл күннің барын білгенімен де рас тірлік қылатыны шамалы.
Ал Бәйдібек ауданындағы Талап ауылының тұрғындары мен тумалары Ұлы Отан соғысына қатысқан ауылдастарын құрметпен еске алады.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ауыл тұрғындары жиналып, асарлата отырып «Талап боздақтары: 1941-1945 жж..» мемориалын ретке келтірді.
Мемориал тақтаға Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласында қаза тапқан 39 ауылдастың аты-жөні жазылған. Олардың арасында соғыс даласынан оралып, бейбіт өмірде қайтыс болған Оразалы Бейсебековтің де есімі бар.
Боралдай ауылдық округінің шағын ғана Талап ауылынан майданға барлығы 83 жауынгер аттанған. Олардың тек 43-і ғана елге оралған. Әрбір екіншісі ұрыста қаза тапты. Мәселен, Бейсебектер отбасынан соғысқа үш ұлы аттанса, соның тек біреуі – Оразалы ғана елге оралды.


Таяуда мемориал тақтаның жанынан әсем мешіт бой көтерді. Бұл мешіт ауыл тұрғындарының көптен бергі арманы әрі өтініш-тілегі болатын. Мешітті бас демеушілер Ораз Қарабеков және Болат Бейсебековтың қаржысына тұрғызды. Біраз ауыл тұрғындары да шама-шарқынша қаржы қосса, қалғандары құрылысына қатысып, еңбек етті.
Өткен сенбілікте мешіт айналасын да тазалады. Осылайша, мешітті Рамазан айы қарсаңында 4 мамыр күні салтанатты түрде ашу рәсіміне дайындады.
Соңғы жылдары Талап жұртының еңсесі көтеріңкі. Мұндағы тірлік те оңала бастаған. Ауылға асфальт жол төселіп, үш қабатты заманауи мектеп, спорт және акт залдары, балабақша пайдалануға берілді. Шағын кәсіпкерлік те дамып келеді.
Дәл қазір ауыл шалғынға оранып, айнала қызғалдақ гүлдеп, қып-қызыл кілемге сынды. Неткен сұлулық!


Егер де 70 жыл бұрын осы жерден басқа да ауылдар сияқты жүздеген-мыңдаған азамат өз еркімен соғысқа аттанып, елін-жерін фашизмнің зұлматынан қорғап қалмағанда осынау сұлулық бүгінде болмауы да бек мүмкін еді.