Эстафеталық марафонда №23 мектеп өтпелі кубокты олжалады

172

Шымкенттік оқушылар мен студенттер дәстүрлі эстафеталық марафонда бас қосты. Қатысушыларды бір трассаға жинаған жарыс бұл жылы 82 — рет жалауын көтеріп отыр. Бірақ, биылғы бәсекеге қатысушылар жылдағыдан 2 есе аз.

Әйткенмен марафонның қызықты өтуіне мұның ешбір кері әсері тиген жоқ. Командаластарын жерге қаратқысы келмегендер таяқшаны бірінші болып тапсыру үшін барын салды. Тіпті желаяқтардың жаттықтырушылары да кубоксыз қайтқылары келмегендей.

Фарух Сабыржанов, жеңімпаз: «Мен бұл эстафетаға 4 сыныптан бастап қатысып келемін. Алғашында мектеп намысын қорғасам, кейін колледж атынан бақ сынаған болатынмын. Міне бүгін жоғарғы оқу орнымның атынан шықтым. Жыл сайын эстафета өте қызықты өтеді. Әрқашан бір естелігімен көңілде қалады. Бірақ, биыл қарсыластар қатары аз. Соған қарамастан барлығы да бәсекеге қабілеттілігін көрсетті».

«Южный Казахстан» газетінің қолдауымен басталған жарыста жүлдегерлер құр алақан қайтқан жоқ. Студенттер спорттық жабдықтар мен қаржылай сыйлықтарға қол жеткізсе, жеңімпаз командаға жолдама берілді. Түркістанды аралауға мүмкіндік алған топ №23 мектеп. Айта кетейік, бұл мектептің желаяқтары осымен екінші жыл қатарынан өтпелі кубокты олжалап отыр.

Назерке Үкібасова