Мақтааралда 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр

377

Бұған дейін аудан әкімі Бақыт Асанов мақталы Мақтаарал ауданы құрылыстың ордасына айналатынын айтқан болатын. Міне, дәл осы мақсатта биыл 39 елді мекенге бас жоспар әзірлеу үшін қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жұмыстар өз кезегінде аудан орталығы Мырзакент кентінің аумағын ұлғайту үшін бөлінген 160 гектар жер теліміне және басқа да елді мекендерде егжей-текжейлі жоспарлау жобасын әзірлеуге жол ашады.

Қазіргі таңда ауданда 7 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 300 орындық К.Үкібаев пен Қ.Қайсенов атындағы мектептер, 200 орындық С.Датұлы, Мақтажан, Қ.Абдалиев, Қ.Аманжолов, Т.Бигелдинов атындағы мектептер жаңадан салынып, оқушылары көп күтпей заманауи ғимаратта білім алатын болады.

Бұл білім нысандарының 2-еуі биылдан қалмай пайдалануға берілсе, 5-еуі келесі жылға өтпелі. Конкурстық құны 937 098,2 мың теңгені құрайтын Жамбыл ауылдық округі, Кеңесшіл ауылындағы 300 оқушығы арналған К.Үкібаев атындағы мектеп пен конкурстық құны 921 622,1 мың теңгені құрайтын А.Қалыбеков ауылдық округі, Атамұра елді мекеніндегі Қ.Қайсенов атындағы 300 орындық мектеп жыл соңына дейін ел игілігіне берілетін болады.

Бұдан бөлек, ауданымызда көптеген әлеуметтік нысандарды құру бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Мәселен, биыл 3 мектептің, 1 спорт кешенінің, Мырзакент кенті әкімі аппараты ғимаратының, 2 мәдениет үйі мен 1 кітапхананың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Айта кетейік, бұған дейін Мақтаарал ауданын құрылыс нысандарының ордасына айналдыру үшін 40 шақты жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген болатын. Оның ішінде аудан орталығы Мырзакент кентіндегі орталық стадионды қайта құру, Мақтарал ауылдық округі Азаттық елді мекенінде ипподром салу жобалары да бар.

 

QAINAR KÓZМақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі