12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні қарсаңында Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің орта буынды медицина қызметкерлері алғысқа бөленді. Мекеменің бас дәрігері Болатхан Салыбекұлы денсаулық сақтау саласының дамуына өзіндік үлесін қосып, адал еңбек еткен мейірбикелердің кеудесіне медаль тақса, бірқатарын алғыс хатпен марапаттады.
«Бір ғасырдан астам тарихы бар аталған мереке бүгінде елімізде кеңінен тойлануда. Мейірбикелердің – медицина саласында алар орны бөлек. Қай кезде де түрлі апаттарда, төтенше жағдайларда халыққа алғашқы медициналық көмек беріп, өмірін арашалап қалатын осы мейіргерлер. Сіздер 70-80 пайыз уақыттарыңызды науқастарға бөліп, оларға қамқорлық пен мейірімдеріңізді аямайсыздар. Біз сіздердің адал қызметтеріңізді бағалаймыз»,- деді мекеме басшысы.
Ұжымның әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмайтын диспансер басшылығы сондай-ақ мерекеге орай 127 мейірбикеге 50 мың теңгеден сыйақы тағайындап, тағы алтауына табиғаты тамаша Бурабай шипажайына демалуға жолдама сыйлады.
Мерекелік іс-шара барысында қызметкерлер өзара спорттық сайысқа түсіп, кіл мықтыны анықтады. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстық туберкулезге қарсы диспансерде 380-ге жуық орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 77,5 пайызы түрлі санаттарға ие.
Лаура Нақыпқызы