Шымкентте Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді. 200-ден астам ардагер жиналған мерекелік дастарханда жергілікті билік өкілдері майдангерлерді Отан қорғаушылар күні мерекесімен және Ұлы жеңістің 74 жылдығымен құттықтады.
Жеңісті жақындатқандарға арнайы сый-сыяпат жасады. Салтанатты жиында сұрапыл қантөгісте ерлік көрсеткен азаматтар майдандағы естеліктерімен бөлісті. Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлері және Ауған, Семей, Чернобыль ардагерлерінің құрметіне салтанат сарайында мерекелік дастархан жайылды. Жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама әзірлеп, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.
Ғалымжан Балтаев, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда, қалада 54 Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегі бар. Қала бюджеті есебінен ардагерлерге 252 500 теңге көлемінде қаржы қаралып, жеке есеп шоттарына аударылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған 4 276 ардагерге 5 АЕК (12 625 теңге) қаржы қаралып жеке есеп шоттарына аударылады. Қалалық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер де ардегерлерді марапаттаудан тыс қалмайды».
Айта кетейік, 2 мыңнан астам ҰОС ардагерлеріне және тыл ардагерлеріне қала бюджеті есебінен тегін баспасөз басылымдарына жазылуда. Сондай-ақ, Аға буын өкілдерінің уақытын тиімді өткізу үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылуда. Ол жерде, зейнеткерлерге денсаулықтарын жақсартып, спортпен шұғылданады. Сондай-ақ шахмат, компьютерлік сауаттылығын ашу, құқықтық және психологиялық қызметтер көрсетілетін болады.
Мақпал Рысбаева