Шымкентте субұрқақтарды іске қосу жұмыстары басталып кетті. Сала мамандарының айтуынша оңтүстіктің аптап ыстығында тұрғындардың салқындап, демалатын орындары субұрқақтардың саны 23 екен. Биылғы жылы қаладағы 32 тік ұңғыма мен барлық субұрқақтарды күтіп ұстау үшін бюджеттен 162 млн. теңге қаражат бөлініпті.
Қаладағы субұрқақтарды күтіп ұстау биыл «Жасыл қала» МКК-на бұйырыпты. Бүгін мердігер субұрқақтардың жұмыс жасау кестесін бекітті. Автоматты түрде іске қосылатын субұрқақтар таңғы сағат 7:00 ден бастап, кешкі 22:30 — ға дейін жұмыс істейді. Ал “Қырғы базар” маңындағы көлдегі субұрқақтың сиқы сын көтермейді. Темір қоршаулары тат басып, тозған, жиектастары құлап, ағаштары қурап тұр.
“Бұл темір шарбақтар су астында тұрғандықтан тез шіріп кеткен. Биыл жөндеп, сырлап, тастарын қайта орнықтырамыз. Негізі бұл аумаққа электр жарығы керек” дейді “Жасыл қала” серіктестігінің мамандары.
Сала мамандарының айтуынша биылғы жылы осы аумақты абаттандырып, электр жарығын жеткізу үшін есеп, қисап жасалуда. Қаражат бөлінсе бір кездері базар болған орын адам танымастай өзгермек.
Нұрлан Бектұрсынов,қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: “Бұрынғы көл аумағының қазіргі жағдайы бізге белгілі. Көп жылдан бері жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ. Биыл қолға алсақ дейміз. Қанша қаражат қажеттігін есептеп жатырмыз”.
Бұдан бөлек, А. Байтұрсынов көшесіндегі субұрқақ та жөнделеді. Одан бөлек көше бойына салынатын демалыс орындары мен фонтанның жобасын дайындап қойған. Тек қаражат қажет.
Нұрлан Күдерұлы