Úı ANONS «Едені шөккен пәтер»

«Едені шөккен пәтер»

Әлеуметтік желіде Түркістан қаласында орналасқан «Керуен сарай» тұрғын үй кешеніндегі пәтердің қазіргі жай-күйі қызу талқыланып жатыр. Мәселе, үйдің сын көтермейтін сапасына қатысты. Ал облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы пәтердің шөккенін растады. 

Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» тұрғын үй кешені Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тиіп тұр. Тұрғын үй қаланың шығыс базары «Керуен-Сарай» кешенінің жалғасы іспетті. Krisha.kz cайтындағы деректерге қарағанда, тұрғын үй кешенінің құрылысы 2022 жылы аяқталған. Құрылыс жұмысымен «Сұлтанат Яссы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысқан. Қазір мұндағы 1 бөлмелі 35-50 шаршы метрлік пәтердің нарықтағы бағасы 22-30 миллион теңге.

«Біздің пәтеріміздің қазіргі жай-күйі осы. Үйіміз кәдімгідей төмен қарай түсіп кеткен. Құрылыстан хабары барлар айтыңыздаршы, үй неге төмен түсіп кетеді?»

Жарнамасы жер жарып тұрған дәл осы тұрғын үй кешенінен ши шықты. Әлеуметтік желі қолданушысының мәліметінше, ол осы кешеннен 1-бөлмелі пәтер сатып алған. Видеоға қарағанда, пәтердің кіреберісінен бастап жуынатын бөлмесіне дейін едені шамамен 5-6 см-ға түсіп кеткен. Есік-терезе жабылмай қалған. Жуынатын бөлменің кафельдері сынған.

«Үйді жөндеп бергеннің өзінде мұнда тұру қаншалықты қауіпсіз?»

Бұл мәселеден облыстық  мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы хабардар болып шықты. Басқарма мәліметінше, арыз 2024 жылдың қазан айында түскен. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті тексерген.

«Тексеру барысында 1-қабаттағы № 19 пәтердің жуыну бөлмесі, кіреберіс дәлізі, асхана едені және балконы, жалпы ауданы 20,2 м² болатын еден жабындысының шөгу фактісі анықталды»

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ  МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ

Басқарма мәліметінше, тұрғын үйдің салған «Сұлтанат Яссы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлық пәтердің ішкі әрлеу жұмыстарынсыз тапсырған. Ал пәтер иелері ішкі әрлеу және қондырғыларды орнату жұмыстарын өз бетінше жасаған. Осыған байланысты серіктестік аккредиттелген ұйымдар арқылы пәтердің еден жабындысының шөгу себептерін анықтау мақсатында техникалық қорытынды алу туралы нұсқама берілген.

Дилара Иса