Түркістанда 2 млрд. АҚШ долларына жуық 5 жобаның меморандумы түзілді 

110

ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің Түркістан қаласына сапары аясында жалпы сомасы 1,97 млрд. АҚШ долларына 5 жобаның меморандумы түзілген болатын.

1) Келіссөз Түркістан облысының әкімдігі мен «KazPV LTD» ЖШС арасында жүрді.

Жобаның жалпы құны – 100 млн. АҚШ доллары. Күн электр стансасы қазақстандық кремний негізінде фотоэлектрлік модульдерді пайдаланады. Стансаның жалпы қуаттылығы – 100 мВт құрайды. Жоба 2019-2021 жылдары іске асырылатын болады. Орналасатын нақты мекен жайы анықталуда. Жалпы аумағы 150 гектарды құрайды. Күн электр стансасы іске қосылғанда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

2) ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және KAZAKHSTAN CHN-KZ ELECTRIC INDUSTRIAL PARK GROUP қытай компаниясы арасында 524 млн. АҚШ долларына өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды.
Меморандум негізінде «Түркістан» индустриалды аймағында Қазақстан-Қытай индустриалды паркі салынатын болады. Онда энергетикалық жабдық пен бұйымдар өндірілмек.
3) ҚР Энергетика министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және «Kazakhstan CHN-KZ electric industrial park group» қытай компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Келісім негізінде қуаттылығы 200 мВт болатын жел электр стансасы мен күн электр стансасын салынады. Жобаның жалпы құны — 225 млн. АҚШ доллары. Электр станса Кентау қаласының Қотырбұлақ елді мекенінде орналасатын болады.
4)Түркістан облысының әкімдігі мен POLCOTTON LTD поляк компаниясы арасындағы 27 млн. АҚШ долларына Сайрам ауданында аумағы 21 гектарды құрайтын жылыжай кешенін салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум түзілді.

Жабық алқап түгелдей жоғары технологиямен жабдықталады. Ауқымды жоба екі кезеңге бөлінген. Алғашқы кезеңінде 11 гектар жылыжайды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал екінші кезеңде тағы 9,5 гектары салынады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары қолға алынған. Инвестициялық келісімшарт жасалып, қажетті құралдары жеткізілген.

5) Түркістан облысы, Келес ауданында жалпы құны 1,1 млрд долларға Келес ауданында 500 гектарды құрайтын аумаққа жылыжай кешені салынады.

Түркістан облысының әкімдігі мен «Эко-культура» ресейлік компаниясы арасындағы келісім бойынша жоба 2019-2025 жылдары іске асады. Еліміздегі ең ірі жылыжай кешеніне айналатын қожалықтың өнімдері ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталатын болады. Жылыжай кешенінде алдағы уақытта қызанақ, қияр өнімдері өндірілмек.