Жәрдемақыдан қағылмас үшін…

315

Әр балаға тағайындалатын — 20789 теңгеден қағылғыңыз келмесе құжатыңызды құнттаңыз. Шымкентте көпбалы және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрін тағайындау үшін 1 сәуірден бастап электронды базаны жасақтау жұмыстары басталды. Құзырлылардың сөзінше, тізімді жасау үшін тұрғындардың жеке мәліметтері қажет. Сондықтан да атаулы әлеуметтік көмектен дәмелілер отбасы және табысы туралы мәліметтерді мамандарға ұсынуы керек.

Дегенмен…

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова 1 сәуірден бастап өтініш берудің қажеті жоқ деп халықтың төбесінен жәй түсірді. Оның сөзінше, Заң күшіне енбей жергілікті атқарушы органдар құжаттарды қабылдай алмайды.
«Бүгінде министрдің арнайы бұйрықтары дайын тұр. Оған қол қойылып заң қабылданса, құжаттар бірден ҚР Әділет министрлігінің тіркеуінен өтеді. Сөйтіп, барлық жергілікті атқарушы органдарға таратылған соң, өтініштер қабылдана бастайды» — деді Светлана Жақыпова.

Абай ауданы
Мәделі қожа көшесі, 1г
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының №1 бөлімшесі

Вице-министірдің пайымдауынша, бұл жұмыстар 15 сәуірге дейін жалғасады. «Бірақ, қалай болғанда да отбасыларға берілетін жәрдемақы сәуір айын қоса алғанда төленеді»,- деді ол.
Вице-министр оған дейін жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік картаны дайындап, электронды базаны жасақтауды тапсырыпты.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова осылай дейді. Сөзінше, бұл тапсырманы орындауға 15 күн берілген. Осы аралықта мамандар әлеуеті төмен, әлеуметтік көмекке мұқжат отбасыларды анықтап, бірыңғай «е-халық» базасына тіркеуі керек. Ал базаға тіркеу үшін мамандарға сол азаматтардың құжаттары қажет. Себебі, олар кімнің қанша баласы барын, қандай санатқа жататынын білмейді.
Гүлжан Мамытқызының айтуынша, база бір рет толық жасақталғаннан соң, халықтан бума-бума құжат талап етілмейді. Келесі жолы, тек жеке басын куәландыратын куәлігі жеткілікті болмақ.

Әл-Фараби ауданы
Жангельдин көшесі 13а үй.
Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының № 3 бөлімшесі

Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып бөлінеді.
Шартты атаулы әлеуметтік көмек толық отбасыларға яғни күйеуі, әйелі және ортақ бала-шағалары барларға тағайындалады. Ал шартсыз көмекті жалғызілікті аналар және отбасы мүшелерінің бірі мүмкіндігі шектеулі болғандар ала алады. Сондай-ақ егер ерлі зайыптылардың бірі уақытша жұмысқа жарамсыз болса да бұл отбасы атаулы көмектің осы түрін алуға құқылы. Аталған әлеуметтік көмектердің мөлшері күнкөріс деңгейінің 70 пайыздық көрсеткіші мен сол отбасының орташа жалақысының негізінде есептеліп шағарылады. Бұл шамамен отбасындағы әр балаға 20789 теңгеден төленеді деген сөз. Және жаңа жәрдемақыға құжат қабылдау тәртібі де өзгерді. Енді шартты атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін 1 жылда 1 рет, ал шартсыз көмекке қол жеткізу үшін 6 айда бір рет құжат өткізу қажет, — дейді маман.

Еңбекші ауданы
Қапал батыр көшесі, 4 үй
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалынң №8 бөлімшесі

Құжаттардың тізімі
–Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат;
–Балалардың туу туралы куәліктері;
– Неке куәлігі (неке бұзу куәлігі)
–Сот орындаушысынан алимент туралы анықтама (болса)
–Табысы туралы анықтама;
–Халық банкінен есепшот;

Ескерту: Құжаттар 1 сәуірден бас-тап ағымдағы айдың 30 жұлдызына дейін қабылданады. Төлемақы сәуір айын қоса есептегенде төленеді.

Қаратау ауданы
Нұрсәт ш/а, Бәйдібек би, 60 үй
Әкімдік ғимараты

Яғни, енді тұрғындар бұрыңғыдай шартсыз көмек үшін әр 3 айда және шартты көмек үшін әр 6 ай сайын құжат өткізіп әуре болмайды. База толығымен жасақталған соң санатына қарай жарты жылда бір рет және 1 жылда 1 рет жеке басын куәландыратын құжатпен келетін болады.

Ендеше, сіз жоғарыда аталған санаттардың біріне жататын болсаңыз, және аталған атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізгіңіз келсе, құжаттарыңызды құнттап, базаға тіркеу үшін мамандарға өткізіңіз.

Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының атаулы әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарды қала тұрғындары өзі тұратын ауданға қарасты төменде көрсетілген мекенжайларға тапсыра алады.