Шымкент қаласы Ташкент тас жолы 5- шақырымның сол жақ бетінде «Жасыл белдеу» орман қорының аумағында дала-орман өрттері бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Жазғы өрт қауіпті кезеңінің басталуына байланысты Шымкент қаласының аумағында орман, дала өрттерінің алдын алу және дер кезінде сөндіру мақсатында өткізілген оқу-жаттығуға ТЖ департаментінің, жергілікті атқарушы органдарының басшы құрамы, орман шаруашылықтарының өкілдері қатысты.
Оқу-жаттығудың ойы бойынша «Жасыл белдеу» орман қорында 1 табиғи өрт ошағы пайда болып, 3 бағытта таралды. Өрт жақын орналасқан Сәуле, Ақтас елді мекендері мен егістіктерге тікелей қауіп төндірді. Өрт ошағын жедел сөндіру үшін 6 өрт сөндіру техникасы, 4 су тасығыш техникасы, 4 трактор соқасымен бірге 120 адам жұмылдырылды.
Сондай-ақ, көршілес Түркістан облысының аумағынады егістікке өрттің қаупі төніп тұруына байланысты өзара әрекет ету жоспарына сәйкес Түркістан облысы ТЖ департаментінен 3 арнайы өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамында 12 адам, № 35748 әскери бөлімінен 1 техника, 10 адам көмекке келді.
Оқу-жаттығуға басшылық еткен қала әкімінің орынбасары Н.Ергешбек және ТЖ департаментінің басшылары күш және құралдардың дала-орман өрттерін дер кезінде сөндіруге дайындығына жоғары баға берді.