Түркістан қаласында «Біз денсаулықты таңдаймыз!» мәдени-сауықтыру акциясы өтті. «Megacity» сауда орталығына жиналғандар терапевт, педиатрдің кеңесіне құлақ түріп, артериалды қысымды, бойды, салмақты, қан құрамындағы қант пен холестеринді өлшеу сияқты диагностикалық процедураларды тегін алды.
Ал, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ өкілдері денсаулық сақтау жүйесіне енгізілгелі тұрған жаңа жүйедегі өзгерістерді тұрғындарға түсіндірді. Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, Түркістан облыс бойынша тегін медициналық көмек көрсететін жеткізуші-ұйымдармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 71 550 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, мемлекеттік емханалармен – 66 229 млрд теңгенің, жеке меншік клиникалармен – 5 321 млрд теңгенің келісімшарты бекітілді.
Алдағы уақытта тегін медициналық көмек көлемі барлық азаматқа көрсетіле береді. — Мұндай шаралар халыққа сақтандырудың артықшылықтарын түсіндіруге мүмкіндік береді. Өйткені, келер жылдан бастап медициналық көмек екі пакет бойынша көрсетіледі. Біріншісі – мемлекеттік тапсырыс негізінде көрсетілетін қызметтер, екіншісі – медициналық сақтандыру пакеті. Мәселен, шұғыл көмек, емханадағы дәрігердің қабылдауы мен ем-дом бұрынғыша тегін болып қала береді. Мұның әсіресе, ауыл халқы үшін маңызы зор.
Сондай-ақ, созылмалы сырқаттармен ауыратын пациенттерге көбірек көңіл бөлінбек. Ал, сақтандырылған азаматтар бағасы қымбат болып келетін зерттеулерді жасатып, жоспарлы түрде ауруханаға жатып емделе алады. Дегенмен, мұның бәрі де дәрігердің жолдамасымен жүзеге асуы тиіс – деді, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Ділдәбекқызы.
Іс-шара барысында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен медициналық сақтандыруға қатысты викториналық сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға сый-сияпаттар берілді. Сонымен қатар, мамандар дұрыс тамақтану мен салауаттылыққа қатысты кеңестерін берді.