Мектеп бітіру кешінің бітпейтін жыры

478

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мектеп бітіру кеші мектеп қабырғасында өткізуді ұсынды. Министрдің ұсынысында ата-аналар мен оқушыларды көп шығындалмауға шақырды. Оқу жылы аяқталуға жақындағанда ата-аналар мен мектеп бітіруші түлектерді алаңдататын басты мәселенің бірі де осы.

Кемі 200 мың теңге

«Мектеп бітіру кешінің форматы қымбат әрі сән-салтанатқа толы кеш болмауы керек. Жылдар бойы тұлғаны қалыптастыруда талмай еңбек еткен педагогтар мен ата-аналар және таяуда мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басатын кештің басты кейіпкерлері — түлектер арасындағы жылы диалог түрінде өткені абзал. Түлектер мектеп бітіру кешін педагогтардың көмегімен креативті бағдарлама дайындап, ата-аналарына, сүйікті ұстаздарына және жанына жақын сыныптастарына алғыстарын білдіретін мағыналы әрі қызықты форматта ұйымдастыруына болады» деп министрліктің баспасөз қызметі хабарлағаннан кейін әлеуметтік желіде топтасқан оқушылардың осы ұсынысқа қолдау білдіретіндігі жайлы үндеу жолдағандары қаптап кетті. Олардың арасында Шымкент қаласының оқушылары да бар.
Жыл сайын оқу жылы аяқталуы жақындасымен түлектер мен ата-аналарды мектеп бітіру кешінің форматы алаңдатады. Түлектер арасында киім кию және мектеп бітіруга арналған салтанатты кештің жұлдызы болудан бәсеке орнап шығындалу үстіне шығындалады. Ал, ата-ана тапқан-таянғанын баласы ешкімнен кем болмасы үшін жұмсайтыны анық. Жобамен есептеп көрсек.
Мысалы бір оқушының шығынын алып көрейік. Бүгінгі оқушылар кәнігі 10-15 мың теңгенің көйлегін місе тұтпайды. Кемі 40-50 мың теңге тұратын көйлекті кигенді жаны қалайды. Оған қыз балаларының шаш үлгісін және бет әрлеуіне кететін 10-15 мың теңгені қосыңыз. Және көйлекке сай аяқ киімдердің де бағасы аспанда. Тек кешке қатысу үшін ғана 100 мың теңгеге жуық қаражат керек. Енді бұған 11 жыл білім-нәрімен суындатқан мұғалімдері мен мектеп қабырғасына қалдыратын сый ақыны да қосыңыз. Сонда барлығы 200 мыңға жуық қаржы жұмсалады. Мұның барлығы айналып келгенде отбасылық бюджетке үлкен салмақ. Ескере кететін бір жағдай бұл шығынды барлық отбасының жағдайы көтере бермейді. Осыған байланысты жылда мектеп бітіру кешіне байланысты сындар айтылғанымен оқушылар бұл кешті сән-салтанатқа толы өткізуін доғарар емес. Нәтижесінде жыл сайын көтерілетін мәселеге айналды.

Сіз не дейсіз?

Сонымен мектеп бітіру кешін қалай өткіземіз? Бүгінде әлеуметтік желіде қызу талқылауға түсіп жатқан тақырыпқа қатысты Шымкенттегі білім ордаларының басшылары мен ата-аналар министрдің ұсынысын қалай қабылдайды? Сауалдарға жауап алу үшін арнайы сауалнама жүргіздік.
Баян Есімова, Шымкент қалалық №124 мектеп директоры:
–Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің «мектеп бітіру кеші мектеп қабарғасанда атап өтілуі керек» деген үндеуін біз ұжым болып қолдап отырмыз. Біздің мекептің бітіруші түлектері үндеуді естігеннен кейін өз ұсыныстарын айтты. Біздің мектебімізде 23 әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушылар бар. Бұл балаларға білім басқармасы тарапынан жаздық лагерге тегін жолдама беріледі. Ал, түлектер осы оқушыларға жаздық лагерде киетін киім-кешегін, керекті оқу құралдары болса, немесе басқа да керек-жарағын алып береміз деп отыр. Олардың ұсынысы көңілге қонымды, бізді сондай қуантып қойды. Осылайша олар мектеп бітіру кешін сән-салтанатпен өткізуге өздерінің қарсылықтарын білдірді. Түлектеріміздің ұсынысы біздің мектеп әкімшілігін, мектеп мұғалімдерін разы қылды. Біздің түлектеріміздің саналы болып өсуіне мектеп қабырғасындағы тәрбиенің де әсері бар деп білеміз. Жақсы нәрсені бір адам бастаса басқасы жақтайтыны анық».

Әлия Шырын, ата-ана:
– Бұл мәселе жылда талқыланап келеді. Жылда айтылуын айтылғанымен балаларымыз бәрібір өздерінің қалауындай қылып мектеп бітіру кешін атап өтеді. Оларды мектеп болып, ата-ана болып бақылайық десек те нәтиже болмайтын. Ал, бұл жолы менде шамалы үміт бар. Өйткені түлектер өздері осы мәселеге қарсы екендігін айтып түрлі видео, аудио үндеулерін әлеуметтік желісі арқылы таратып жатыр. Мен бұған сәл де болсын қуанып қалдым. Балалар өздері бастама болмаса оларға тыйым салып ештеңе өндіре алмайсың. Сондықтан оқушылар өздерінің санасымен, өз түсінігімен осындай қадамға бара білгені абзал. Өздері қаламаса, тағы да айтамын онда ештеңе өзгермейді. Жылдағыдай эстрада жұлдыздарын шақырып, қымбат лумизин машинасын жалдап. үсті-басына бар асылды жабыстырып, ең қымбат мейрамханаларда тойлату жалғаса береді. Мендегі тағы бір үміт – мектеп бітіру кешінің өткізілуі және түлектер мен олардың денсаулығы, өмірі үшін жауапкершілік мектеп әкімшілігінің мойнында болады деп естідім. Сол үшін де әрбір мектеп әкімшілігі балалардың тойлауына қатаң бақылау қоятын шығар деп үміттенем. Өйткені мектеп бітіру кешінің мақсаты сәнді киімдер, қымбат орындар немесе мол дастархан емес. Мектебін қимай қоштасып жатқан балалар мен мұғалімдер арасындағы қимаситық кеш қой. Өз араларында естелік болып қалатын шағын жиын десек болады».

Түркістанда 24061 оқушы мектеп бітіреді

Түркістан облысында 2018-2019 оқу жылында 24061 оқушы 11-сынып бітіреді. ҚР Білім және ғылым министрлігімен 11-сынып бітірушілерінің мектеп бітіру іс-шарасын 12 маусымда мектеп қабырғасында өткізу ұсынылып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова мәлімдеді. ҚР Білім және ғылым министрлігімен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес, Ұлттық бірыңғай тестілеу 2019 жылдың 20 маусым – 5 шілде аралығында өткізіледі.
«Түркістан облысында 15 ҰБТ өткізу пункттері бар. Олардың: 1-уі жоғары оқу орынының базасында; 2-уі колледждер базасында,12-сі орта мектептердің базасында. 2019 жылдың қаңтар айында алғашқы рет ақылы түрде 5206 бітіруші тест тапсырды, тест қорытындысы бойынша облыстың орта балы 58,3-ті құрады. Наурыз айында 14375 түлек ақылы тестке өтініш беріп, 14 208-і тестке қатысты. Орта бал – 79,5-ті құрады», – деді Ардақ Мәдіханқызы.

Шымкентте 8080 оқушы мектеппен қоштасады

Шымкент қаласы білім басқармасының мәліметі бойынша, қала бойынша 149 білім беру ұйым бар. Оның ішінде 11-сыныпты 8 080 оқушы аяқтайды. Оның 5 488-і қазақ тілінде, 1 533-і орыс тілінде, 1 059-ы өзбек тілінде білім алады. «Алтын белгі» белгісіне үміткер оқушылар саны – 403, Үздік аттестатқа үміткерлер саны – 367 оқушы. Бітіруші 8 080 оқушының 5 463 оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Оның ішінде: 4 454 оқушы – қазақ тілінде, 987 оқушы – орыс тілінде, 7 оқушы – ағылшын-қазақ тілінде, 15 оқушы – ағылшын-орыс тілінде тапсыратын болады.
Шымкент қаласында ҰБТ 5 Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу орталықтарында өткізіледі. Олар: М.Әуезов атындағы ОҚМУ, ОҚМПИ, Халықаралық Silk Way университеті, Шымкент Университеті және Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеттері базасында жұмыс атқарады.

Жанерке ХУМАР

№21, 22 мамыр 2019 ж