Шымкентте медицина қызметкерлеріне пәтер кілттері тапсырылды

169

Шымкентте медицина қызметкерлері төл мерекелеріне орай баспаналы болды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 9 маманға пәтер кілттерін табыс етті.

Биылғы кәсіби мерекесі Жанар Жұмаділданың есінде қалары сөзсіз. 27 жылдық еңбек өтілі бар медбике қала әкімінің құттықтауына келіп, пәтер кілтіне ие болды. Қос перзентін жалғыз асырап отырған ақ халаттының қуанышында шек жоқ. Өзгенің үйін паналап келген ол осыдан 6 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрыпты.

Бүгін ақ халаттылардың бірқатары қоныс тойын тойласа, енді бірі медаль мен марапатқа ие болды. Медицина қызметкерлерін құттықтай келген қала әкімі салада атқарылып жатқан ауқымды шараларды тізбектей келе, денсаулық сақшыларының салғырттығынан орын алған келеңсіздіктерді назарынан тыс қалдырмады.

Жыл соңына дейін қалада қос бірдей аурухана күрделі жөндеуден өтпек. Оның бірі №2 аурухана болса, екіншісі қалалық перзентхана. Келер жылға дейін миллионды мегаполисте 8 емхана бой көтереді деп күтілуде. Сондай-ақ, шаһар басшысы биыл медицина ұйымдарын заманауи талапқа сай жабдықтау жұмыстарының да жалғасатынын жеткізді.

Назерке Үкібасова