Асығыс шешім ақыры

224
e8bc3f5d-2d84-4198-b80d-4391ee41bfbc

«Ата-ананың баласына ақ батасын бермеуі, баланың ата-анасын жерге қаратып олардың наласына ұшырауы – өмірдегі ең ауыр жаза болса керек. Бұған сіңлімнің басынан кешкен оқиғасы дәлел. «Оңтүстік Рабат» газетінің оқырмандарына отбасымызда болған ауыр жағдайды баяндағым келеді. Қазір де ойласам өзегімді өртейтін бұл жағдай осыдан 5 жыл бұрын болды. Бірнеше отбасының ойранын шығарған оқиғаны басынан баяндайын». Газет редакциясына хабарласқан оқырманымыз өмірінің бір үзік сырын әңгімеледі, жазып алып, жарияладық.

Көп жағдайда ойланбай әрекет жасаймыз. Соңы немен бітерін білмей, өзімізбен қоса өзгелерге де қандай зардабын тигізетінін түсінбейміз. Сіңлімнің осындай ойланбай, біреуге қырсығып жасаған әрекеті қаншама адамға және өзіне де зияны тиді. Әлі күнге есімізді жинай алмай келеміз. Менен бұрын, ата-анам, әсіресе анам ерте қартайды. Осыдан 5 жыл бұрынғы оқиға бәрімізді есеңгіретіп кетті. Сол уақыттан бері анамның көзінен жас кетпеді. Жаратқан мұндайды ешкімнің басынан салмасын деп тілеймін.

Әңгімем түсінікті болу үшін барлығын басынан бастайын.

Біз бақытты отбасы едік. Ата-анамыз екі қыз, бір ұлды дүниеге алып келді. Бізді қатарымыздан қалдырмай өсіру үшін күн-түн демей жұмыс істеді. Табыс тапты. Шынымен де ешкімнен кем болмадық. Оқуымызды оқыдық. Сіңлім үйдің кенжесі болғандықтан ерке өсті. Ата-анамыз оның бар қалауын орындайтын. Біз де бетінін қақпадық. Бәріміздің еркетотайымыз болды. Осылайша күндер өтіп жатты. Інім екеуміз оқуымызды аяқтадық. Мен тұрмысқа шықтым. Інім жұмысын істеді. Әке-шешеміздің бетін жерге қаратпай, солар қалағандай өстік. Ол кезде кенжетайымыз енді ғана 2-курс студенті еді. Жігіті бар болатын. Қыз-жігіт болып жүргендеріне де біраз болған. Былай сыртынан танығаным болмаса, сөйлесіп кетпейтінмін. Бір қарағанда жап-жақсы бала сияқты көрінетін. Бір білетінім – екеуі бір-бірін жақсы көретін еді. Кішкентайымыз әдемі болып бойжеткендіктен оған құда түсушілер де көп болды.
Бір күні жігітімен қатты ұрысып қалған екен. Себебі не екенін білмеймін. Сұрағанымда айтпады. Әйтеуір енді оны көргісі келмейтінін айтып, қатты ашуланғаны есімде. «Кезекті ұрыстарының бірі шығар» деп аса қатты мән бермедім. Бір күні анам хабарласып: «Құда түсіп келген бір жігітке сіңлің өз разылығын берді, тұрмысқа шығады» деді. Апыл-ғұпыл үйден шығып барып сөйлестім. Жүріп жүрген жігітінің не болғанын, «күйеуге шығамын» деген шешімінің қаншалықты шынайы әрі нақты екенін сұрадым. Ол ештеңеге өкінбейтінін, тұрмыс құруға дайын екенін, бұрынғы жігіті хабарласпай кеткенін, енді ол өзіне ешкім емесін де айтты.
«Өкінбейсің бе, бір сәттік ашуға бой алдырып жатқан жоқсың ба, сен оны жақсы көресің ғой, ертең жылап қалма» деп қаншама рет ескерттім. Өкінбейтінін айтты. «Егер оған керек болсам осы уақытқа дейін хабарласатын еді ғой» деді. Арада ай өтпей құда түсушілер қызымызды алып кетті.
Бір айдан кейін тойлары өту керек болатын, бірақ бір аптадан кейін төбемізден жай түскендей хабар келді.
Бұрынғы жігіті қызымызды келін болып түскен жерінен алып қашыпты. Артынан қуғыншы болып мен бардым. Барғанша қызымызды еркінін тыс алып қашты» деген сеніммен бардым. Бірақ олай емес екен. Сіңлім өз рұқсатын беріпті. Оңаша шығарып алып, бұлай жасауының себебін сұрағанымда: сол жігіттен басқа ешкімді жақсы көре алмайтынын және тұрмысқа шығуды жігіті хабарласпай кеткендіктен соған қырсығып жасағанын айтты. Басымнан біреу мұздай суды құйып жібергендей күй кештім. Сіңлімнің соншалықты қысқа ойлайтынына ашуландым. Одан сұрамады емес, сұрадым ғой. Қайта-қайта сұрадым. «Балалықпен кейін өкінетін тірлік жасама» деп те айттым. Егер айтпасам «айтатын ешкім болмаған соң ойлана алмады» дейміз. Бірақ өзі өте сенімді болды. Енді бұл жігітіне қырсығып, тұрмысқа шыққанда жігіті бұған «ашуың қайтқанша мазалауды жөн көрмедім, сенсіз өмір сүре алмаймын, кешір» деген сияқты сөздер жазып, егер келіссе келін болып түскен жерінен алып қашатынын айтқан. Қызымыз келісіп, ақыры осындай жағдай болды. Мен оны алып кете алмадым. Сіңлімді жігітінің ата-анасы да дұрыс қабылдамағаны көрініп тұр. Тек балалары үшін амал жоқ келіскен. Біз қанша жалынсақ та басқа қылсақ та ол алғаш барған жеріне қайтпады. Қайтамын десе де олар қабылдай қояры екіталай еді. Осы кезде әкеміз «Енді менің мұндай қызым жоқ, ел-жұрттың алдында масқара қылды. Абыройымызды айрандай етті, тойына да басқасына да бармаймыз» деп қызынан бас тартты.
Сол кезден бастап, ата-анамның көзінен жас кетпеді. Алдын құда түсіп, алып кеткен жақ сіңлімді әбден қарғады. Олардың қарғысынан қатты қорықтым. Арада көп ұрыс-керіс болды. Құда түсіп алған жігіттің де намысы бар. Ол да ел жұрттың алдында ұятқа қалды. Мұндай жағдайға жай ғана көз жұмып қарай алмайды. Сіңлімнің күйеуін қатты соққыға жықты. Осындай айқай-шумен бұл кез де өтті.
Сіңлімнің тойы болды. Біз бармадық. Әкеме «хабарласпаймыз» дегенімізбен анам екеуміз телефонмен сөйлесіп, жағдайын біліп тұрдық. Ата-енесінен көп зәбір көретінін айтатын. Біз өзі таңдап алған өмірі екенін айтып, бәріне шыдамдық таныту керегін түсіндірдік.
Арада бірнеше жыл уақыт өтті. Сіңлім екі балалы болды. Әкем немерелі болса да, оны қабылдай алмады. Қанша рет үйге келгенде есіктің аузынан кері қайтарды. Кішкентайымыз көз жасы көл болып, күйеуімен қайтатын.
Бір күні тағы да есімізді алған суық хабар жетті. Сіңлім асылып қалыпты. Не себеп болғанын білмейміз. Артында ешқандай хат та қалдырмаған. Осылайша, өзегімізді өртеп, қыршыннан қиылып кете барды. Кейін ата-анам олардың әке-шешесін «мүмкін үнемі басқа үйден келін болып келгенін бетіне басып, ығырын шығарған шығар, мүмкін ұрып-соққан шығар» деген оймен сотқа берді. Әке-шешемізді сабырға шақырдық. Екі бірдей баланы анасынан айыру оңай емес. Жақтырмаса, жақтырмайтын шығар, бірақ дәл өлімге итермелейтін әрекет жасауы мүмкін емесін айттық. Өзімізді соған сендірдік. Осылайша ата-анамызды райынан қайтардық, арызды кері алдырдық.
Екі баласы да әкесінің жанында қалды. Кішкентайымызды жер қойынына тапсырып қайттық. Сіңлім бірінші барған үйінен басқа үйге қашқан күннен бері анамыздың көзінен жас кетпеді. Дерт меңдеді.
Көрдіңіздер ме? Ойланбай жасаған әрекеттің соңы қандай үлкен қайғыға айналды. Қызымыз жастықпен, еркелікпен өмірінің күл-талқанын шығарды. Соңында екі баласы қалды.
Мүмкін ата-енесі үнемі қағытқан шығар, ойланбай жасаған әрекетін бетіне басқан болар, әлде күйеуі де намысана тиді ме екен, ата-анамыз бетіне де қарамай кеткендіктен қатты қиналды ма екен?
Міне, осы сұрақтар әлі күнге санама маза бермейді. Оның өлімінің себебі сол күйі түсініксіз қалды. Түсініксіз деуге де келмейтін шығар. Ол өзіне өзі өмір бойына ұмытылмайтын әрекет жасады. Есейе келе басынан өткенінің барлығы жанына тыныштық бермеген шығар. Ойланбай жасаған бір қадам оның өмірін мүлдем басқа арнаға бұрды. Оның ғана емес біздің де өміріміз өзгерді. Ендігі тілейтінім – сіңлімнің көрмеген қызығын, жасай алмаған жасын артында қалған екі балапанына бергей. Солар бақытты болғай!
Адамдар, әсіресе қыздар, бір шешім қабылдамас бұрын жан-жақты ойланыңыз. Әйтпесе сол шешім — өміріңіздің соңы болуы мүмкін.

«Оңтүстік Рабат», №28, 10  шілде 2019 ж

Жазып алған – Жанерке Хумар