Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалды полициясының бастығы Кенжебек Оңдасыновқа қатысты сот үкімі шықты. Үкім Еңбекші аудандық сотында оқылды.
Оңдасыновқа Шымкенттегі «сыра падишасы» болған Тоқтар Төлешовтың бұйрығымен оның жеке басына қатысты жұмыстарын атқарған» деген айып тағылған. Яғни, әйгілі кәсіпкерге жасалған қасақана әрекеттерден оның жеке бас қауіпсіздігі үшін полицияның арнайы жасағын жұмсап отырған.
Сот оны бір жарым жыл бас бостандығынан айырды. Ал қылмыспен келтірілген залал — 106 619 теңге сотқа дейін, өтелген екен.
2018 жылдың 29-тамызында тұтқынға алынған Оңдасынов енді жазасын қауіпсіздігі барынша төмендетілген түрмеде өтейтін болады.
Қайрат Ізбасаров, Еңбекші аудандық сотының судьясы: «Оңдасынов Кенжебек Мамырұлы ҚР ҚК 361-бабы, 4-бөлігі, 1-тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға сотталды. ҚР ҚК 50-бабы 2-бөлігіне сай, мемлекеттік қызметте, судья қызметінен, жергілікті өзін-өзі басқару орындарында, ҚР Ұлттық банкінде және оның ведомстваларында, мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталында мемлекет үлесі елу пайыздан асатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде жұмыс істеуге, лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуі белгіленді. ҚР ҚК 49-бабының негізінде сотталған Оңдасынов Кенжебек Мамырович «полиция полковнигі» арнаулы шенінен айырылды. Жазаны өтеу мерзімі іс жүзінде ұсталған күнінен, яғни 2018 жылғы тамыз айының 29-нан бастап есептеледі.
Мөлдір Бекеева