Полиция департаменті прокуратура анықтаған кемшіліктерге қатысты түсінік берді

664

Шымкент қалалық полиция қызметкерлері өздерінің статистикалық көрсеткіштерін жоғарылату мақсатында ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігімен 232 қылмыстық істі ойдан тіркеп, есептік мерзім аяқталғаннан кейін, оның құрамында қылмыстың болмауына байланысты қысқартқан.

Мұндай заңсыз әрекет жөнінде Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімдеп отыр. Сондай-ақ, прокуратура тәртіп сақшыларының жұмысынан тағы бір өрескел заңсыз әрекетті әшкереледі.

Руслан Заурбеков

Руслан Заурбеков, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі: «171 қылмыстық іс бойынша айғақ заттарды тәркілеу, тіркеу, сақтау, беру мен оларды жою туралы ереженің талаптарын бұза отырып, жойылуға жататын есірткі заттарын заңсыз сақтап отырған. Тек қала прокуратурасының тікелей араласуымен Полиция департаменті сақтауда тұрған 13 келі есірткі заттарын жойды. Полиция департаментіне біз тиісті ұсыныстарды енгіздік, қазіргі таңда ол қаралу бойынша тиісті кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Олар содан кейін, 1 ай мерзім ішінде заң бұзушылықтардың бәрін жоюы керек».

Ал полиция департаментінің басшылығы прокуратураның бұл қорытындысымен келіспейді. Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының орынбасарының сөзіне сенсек, 2019 жылдың 6 айында қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 163 қылмысты тіркеген. Сол кезде жалпы мөлшері – 23 келі 930 грамм есірткі тәркіленген. Қоймадағы қалдық сол кезде сараптама үшін алынған қалдық екен.

Арман Бейсенбаев

Арман Бейсенбаев, Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары: «Есірткі заттары тәркіленіп алынғаннан кейін, мәселен, 1 кг есірткі заттары тәркіленіп алдынды дейік. Заңға сәйкес, содан сараптамаға (экспертизаға) ғана аз мөлшерінде алынып қалынады. Қалғаны 1 тәуліктің ішінде жойылады. Ал прокуратура айтып отырған 13 кг есірткі заттары бар гой, ол 171 қылмыстық іс бойынша сараптамаға деп алынған есірткі заттары».

Ал қадағалаушы органның «232 қылмыстық істі ойдан тіркеп, соңында қысқартты» деген мәлімдемесін полиция департаментінің басшылығы былай түсіндірді.

«232 қылмыстық іс қысқартылды. Себебі, ол істер расталмады, дәлелін таппады. Мысалы, 102 сымтетігі арқылы бізге хабарлама түседі. Бұл азамат есірткі тұтынушы, немесе сатушы деп. Ондай бірден түскен ақпаратты біз ресми түрде тіркейміз. Одан кейін толық тексеру амалдарын жүргізіп, дәлелін тапқан жағдайда ғана, ол ары қарай сотқа жолданады. Иә, толық дәлелін тапқаннан кейін. Ал егерде ол ақпарат расталмаса, ол жаңағы қысқартылуға жатады», – дейді Арман Бейсенбаев.

Прокуратура аталған жәйттер бойынша полиция департаментіне жолдаған ұсынысы негізінде қазіргі уақытта қызметтік тексеру тағайындалған. Және ең қысқа мерзімде, дәлірегі 10 күннің ішінде оқиғаның ақ-қарасы анықталатын болады. Егер бақылаушы органның мәліметі расталса тиісті тұлғалар жауапқа тартылады.

Мөлдір Бекеева