Жұмыссыздар шұлық фабрикасының оқу орталығында мамандық меңгеруде

319
шұлық фабрикасында жұмыссыздар оқудан өтіп, жұмыс істеуде

Арнайы экономикалық аймақтағы шұлық фабрикасының базасындағы оқу орталығы сәуір айында ашылған.

«Әлем» оқу орталығы

Бүгінде оның алғашқы түлектері өндірісте жалақысы бар жұмыс істейді. Солардың бірі — Ерболат Мақсұт. Кәсіптік курстан өткен соң оған «Атамекен» қолдау орталығы жұмыс табуға көмектескен.

Ерболат Мақсұт, шұлық фабрикасының жұмысшысы: «Жұмыс таппай жүрдім, сосын «Атамекен» қолдау орталығының жолдамасымен осында келдім. Қазір жұмыс істеп жатырмын».

Фабрикадағы жұмысшылардың басым бөлігі жастар. Олардың бірқатары кәсіпорынның жанындағы орталықта оқығандар. Тоқымашы кәсібін үйреніп, енді сол білімінің арқасында нәпақа тауып жүр.

Гүлнар Елікбайқызы, «Әлем» оқу орталығының директоры: «55 адам 3 айлық курста оқыды. Олар тек шұлық фабрикасында емес, кілем фабрикасында  да жұмыс істейді. Шілде айында 25 адамды оқуға қабылдадық. Олар үш айлық курстарда  1,5 ай теориялық білім алса, қалғаны  тәжірибе».

Жұмысшыларды жүмысқа  арнайы көлік алып келеді, ыстық тамақпен  қамтылған. Айлығы да 60-70 мың теңге төңірегінде.

Оқу орталығын тәмамдағандар тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде мұнда тек шымкенттіктер кәсіп үйренсе, болашақта қалаға жақын аудандардың тұрғындарын да қабылдау жоспарда бар. Бұл әсіресе жұмыссыз жүрген жастарға нақты бір мамандықты меңгеріп, тұрақты жұмыс табуына зор қолдау болып отыр.

Шынар Оразова