Жоғалған ағайынды балаларды тәртіп сақшылары іздеп тапты

244

Кешкі сағат 19:30-дар шамасында Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, үйіне қыдырып келген інісінің 5-жасар қызы мен 2-жасар ұлы аулада ойнап жүріп, үйге қайта оралмағанын көрсетті.

Аталған жайт Ордабасы АПБ-не тіркеуге алынды. Хабар-ошарсыз кеткен жас балалардың із-түзсіз жоғалып кеткенін ескере отырып, оларды іздеуге аудандық полиция бөлімінің барлық күштері жіберілді. Тәртіп сақшылары қажетті деген шараларды іске асырып, куәгерлерден сұрастырып, көшелерді қарап, көрші аулаларды аралап көріп шықты. Нәтижесінде шамамен 2 сағаттай уақыт өткен соң, учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Асқар Қаратаев пен полиция сержанты Асхат Бакиров көшелердің бірінде адасып, жылап жүрген балаларды тауып, жақындарына табыстады.

Өз кезегінде, балалардың көкесі «Әр күн сайын түрлі оқиғаларды естимін, бірақ өзімнің басыма осындай іс түседі деп ойлаған жоқпын. Ең бастысы – балалардін-аман. Тіпті елестете алмаймын, егер балаларға бірдеңе болғанда, маған сеніп, кішкентайларын тастап кеткен інімнің көзіне қалай қарар едім. Полицейлерге өте ризамын. Әсіресе, менің балаларымды тауып, қайтарған Асқар пен Асхатқа»,- деп қызметіне адал тәртіп сақшыларына өзінің алғысын жаудырды.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға балаларды қараусыз қалдырмаңыздар деп кеңес береді. Сонымен қатар, кішкентайларды далаға ойнауға шығарып қойып, үйде бейғам отырмай, мүмкіндігінше ересек біреудің жасөспірімдерді бақылауда ұстауы керектігін ескертеді. Ал, егер балаңызды жоғалтып алсаңыз немесе осындай жайттың куәгері болсаңыз тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі