Қыз зорлауға қатысты екі қылмыс ашылмай отыр

421
фото Хабар 24

Шымкентте екі әйел зорлау қылмысы ашылмай отыр. Осылай деп редакциямызға екі бойжеткен шағым айтты. Екеуінің жағдайы екі бөлек. Бірін әріптесі, енді бірін такси жүргізушісі зорлаған. Сөздерінше, 28 және 31 жастағы азаматшалар құзіретті органдарға арыз жазғанымен, іс жабылып, қайта ашылып сиырқұйымшақтанса, екіншісі арыз жазғаннан бергі 1 аптадан астам уақытта 3 тергеуші ауысып үлгерген. «Қылмыскерлер қашанға дейін бостандықта тайраңдар жүреді» деп ашынған қыздармен арна тілшісі тілдесті.

Ол күнді 31 жастағы мейірбике жыламай есіне ала алмайды. Әдеттегі жұмыс күнінде жұмыс орнында жүріп көрген қорлығын өмірі ұмытпастай болыпты. Келіншектің сөзінше, сол күні оны бірнеше жыл бірге жұмыс істеген дәрігер зорлаған. Құзырлы органға осы іс бойынша арыз жазғанына 4 айдан асқан. «Содан бері істі бір рет жауып та үлгерді», дейді жәбірленуші.

«Бас прокоротураға, «Нұр Отанға» арыз жаздым. Нұр-Сұлтан қаласына барған жоқпын. Ғаламтор арқылы жаздым. Одан кейін облыс әкімі Ө. Шөкеевке жаздым. Кейін 15-20 күннен кейін жауап келді. «Кейін қаралады» деген. Қаралғанда, ештеңе қаралған жоқ» дейді зардап шегуші.

Құзырлы органдар болса істің жүргізіліп жатқандығын, тіпті күдіктінің тұтқындалғанын айтты.

Айнұр Омарова, Шымкент қаласы Полиция Департаментінің аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі: «Аталған жайт бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінің Әл Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ҚК-нің 120-бабы 1-бөлігімен және 121-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу барысында күдікті ұсталған.Қылмыстық іс айыптау актісімен Шымкент қаласы Әл Фараби ауданының прокуратурасына жолданған».

Ал екінші кейіпкер 28 жастағы бойжеткен 26 тамыз күні құрбысының туған күнінен шығып такси ұстаған. Оның сөзінше «Лада» маркалы автокөлігінің жүргізушісі қызды айтқан жеріне апармай, жолда күш көрсеткен. Айдалаға апарып зорлап, 1,5 сағат бойы ойына келгенін істепті.

«Шешін деді. Жоқ дедім. Онда қазір сені өлтіремін деді. Сол қарсыласып тұрған жерде ол мені тағы ұрды. Өзі шешіндірді. Қылғындырды. Сөйтті да сол жерде білгенін істеді ғой» дейді зардап шегуші.

Бойжеткен 27 тамыз күні Еңбекші аудандық Полиция басқармасына арыз түсірген. Жәбірленушінің сөзінше, арада өткен аз күнде 3 тергеуші ауысқан. Кінәлі табылмай, іс сиырқұйымшақтанып кетеді ме деп алаңдайды.

Осы оқиға бойынша қалалық полиция басқармасы ресми мәлімдеме жасады. Айтуларынша, бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр екен.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Парламентке сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.

Меруерт Ахан