Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары мәлімдеді. Айтуларынша, Шымкент қаласында 270 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті мемлекет қазынасына кері қайтарады. Себебі, олар еліміздегі ең мұқтаж азаматтарға тиесілі жәрдемақыны алу үшін түрлі құйтырқылыққа барыпты.
68 МЫҢ ОТБАСЫҒА ТАҒАЙЫНДАЛҒАН
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті алуға 68792-і отбасы өтініш білдірген. Олардың 80% мемлекеттен алған ақшасына есеп беруі керек. Яғни, 48 995 отбасыға көмектің шартты түрі, ал 19797-не шартсыз түрі тағайындалған. Мемлекет қолдауының тек мұқтаж азаматтарға көрсетілуін қадағалау үшін қазір мамандар арнайы тексерулер жүргізуде. Себебі, құжат тапсыру кезінде кей тұрғындардың табыс көзін, қымбат көліктері мен зәулім үйлерін жасырғандары анықталып отыр.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының бас маманы Қонарбай Сәдуақасовтың айтуынша, бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмектің шартты түрін алғашқы тоқсанда алған 130 отбасыға зерделеу жұмыстары жүргізілген.
– Құжат тапсыру кезінде заңсыздыққа жол беріп, жалған құжат тапсырғандар анықталды. Көбісінде — есепшімен уағдаласып жалақысын жалтарған, яғни төмендетіп көрсеткен. Арасында КамАз, жеңіл көлігі, үй-жайы бар отбасылар да анықталды. Одан бөлек ата-анасымен, енесімен бірге тұрып олардың зейнетақысын, жалақысын табыс көзі деп есептемеуі үшін «бірге тұрмаймыз» деп жалған ақпарат бергендер де бар, -дейді бас маман.
01.04.2019 жылға дейін 7060 құжат қабылданды.
Оның — 4008 шартты, 3052 шартсыз ақшалай көмек.
Төленген қаржы – 870,0 мың теңге01.04.2019 жылдан кейін — 68 792 өтініш қабылданды.
Оның: 48 995 шартты, 19 797 шартсыз ақшалай көмекке тапсырғанБүгінгі таңға дейін 44963 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленді.
Оның: 38275 шартты ақшалай көмек, 6688 шартсыз ақшалай көмек алды.
Төленген қаржы – 11,5 млрд теңгеШартты ақшалай көмекке құжат тапсырған 38275 отбасылардың 5598 жұмысқа жарамды отбасы мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстырылды.
Оның ішінде:
Тұрақты жұмысқа – 5001; Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 275;
Шағын несие алғандар – 38; Әлеуметтік жұмыс орындарына – 38;
Қоғамдық жұмысқа – 246.
300 ОТБАСЫ ҚҰЙТЫРҚЫЛЫҚҚА БАРҒАН
Бұл мәселе қазір мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей назарында. Халыққа Жолдауында ел президенті атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін азаматтардың түрлі айла-шарғыға баратынына қынжылып, жауаптыларға жүйені қайта қарап, жетілдіре түсуді тапсырды.
Еліміздегі ең мұқтаж отбасыларына тиісілі жәрдемақының жайы Жолдауды талқылауға арналған қала активінде де айтылды. Қала әкімі Ерлан Айтаханов атаулы әлеуметтік көмек масылдылыққа емес, тұрғындардың тұрмысын түзетуі үшін берілетінін қадап айтты. Сондай-ақ, осы бағытта жүргізілетін жұмыстарды күшейту керек деді.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері қазір жергілікті комиссиялармен бірлесіп, шартты қаржылай көмек алғандарға қатысты тексеру жұмыстарына қызу кіріскен. Қазірдің өзінде бірлескен топ табыс көзін жасырып жәрдемақы алған 300-ге жуық отбасын анықтаған. Олардың 30-ы ақшаны бюджетке кері қайтарып та үлгеріпті. Қалғандарынан мемлекет қаражатын кері қайтару жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жауаптылар алдағы уақытта мұндай әрекетке жол бермес үшін тиісті шараларды қамтып отырмыз дейді.
Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Тұңғыш Президет Назарбаев әр балаға берілетін жәрдемақы көлемін 21 мың теңгеге көбейтуді тапсырған еді. Содан, 2019 жылдың сәуір айынан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасының әр баласы үшін — 20789 теңгеден шартты және шартсыз негізде атаулы әлеуметтік көмек беріліп жатыр.
«Оңтүстік Рабат», №37, 11 қыркүйек 2019 ж