Елжан Біртанов жарылыс кезінде зардап шеккен науқастардың жағдайын білді

121

Түркістан облысына іс-сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ішкі істер министрімен бірге қонақ үйінің аумағында болған жарылыстан зардап шеккен науқастар ем қабылдап жатқан қалалық орталық ауруханаға барды.

Аурухананың бас дәрігері Жанболат Ділдәбековтың айтуынша, 10 қыркүйекте ауруханаға шұғыл түрде 5 адам түскен. Жарақаттанып, терісі күйік шалған үш науқас травматология бөліміне жатқызылды. Бір пациент жансақтау бөлімінде. Қазір науқастардың жағдайы орташа ауыр.

«Кеше реанимация бөліміне жатқызылған науқас бүгін бөлімшеге көшіріледі. Оның жағдайы жақсаруда», – деді Ділдәбеков.

Денсаулық сақтау министрі науқастарға республикалық клиникалардан көмек керек пе деп сұрады.

«Зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілуде, дәрі-дәрмек бар, емделушіледің жағдайы қауіпті емес», – деп сендірді қалалық аурухананың дәрігерлері.

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, 2019 жылдың 10 қыркүйегінде кешкі сағат 7-де Түркістан қаласындағы «Гранд Роял» қонақ үйінің аумағында газ баллонын тиелген «ЗИЛ» маркалы машинасы жарылып, салдарынан 11 адам жараланды. Алты науқасқа алғашқы көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем алуда, 5 адам ауруханаға жатқызылды.