Көпбалалы отбасыға шағын несие қалай беріледі?

326
фото Хабар 24

Көпбалалы отбасыларға жеке бизнес бастау үшін  шағын несиелер  қандай шарттармен берілетіндігі белгілі болды. Бұл туралы бүгін ҚР  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының көп балалы аналарды микро және шағын бизнеске тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізіледі. Онда жеңілдікті шарттармен әр түрлі бизнес түрлеріне кепіл және микрокредиттер берілместен қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру тетіктері көзделген.

«Біз микрокредиттер беру шарттарын қайта қараймыз. Жаңа бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында көп балалы отбасылардың жобалары үшін микрокредит беру мерзімінің ұлғайтылуы ұсынылады. Кредитті өтеу бойынша қаржылық жүктемені төмендету үшін біз номиналды сыйақы ставкасын (қолданыстағы схема бойынша 6%) төмендетуді ұсынамыз», – деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ ол жеткілікті кепіл мүлкі жоқ отбасылар үшін микрокредиттерді кепілдендіру механизмдерін ауыл мен қалаға бөлмей, бірыңғай оператор арқылы тарату жоспарланып отырғанын атап өтті. «Атамекен» ҰКП филиалдарының көп балалы отбасылардың бизнес-жобаларын сүйемелдеу мерзімін ұлғайту (қазір 1 жыл) ұсынылады.  Бұл тұрақты өсу траекториясына шығу үшін старт-ап жобаларын бейімдеуге мүмкіндік береді. «Кепіл мүлкі және жоғары табысы жоқ көпбалалы отбасыларды қолдау мемлекеттік гранттарды ұсыну арқылы, өтеусіз және қайтарымсыз негізде 200 айлық есептік көрсеткіш (505 мың теңге) мөлшерінде көрсетілетін болады. Бұл оларға бастапқы кезеңде «қарапайым бизнеспен» айналысуға мүмкіндік береді», – деді министр.

Сондай-ақ, ол бағдарламаның бюджеттің тиімді шығындалуын арттыруға бағытталған тетіктері қайта қаралатындығын баса айтты. Бірінші кезекте, оқыту тек жұмыс берушілердің өтінімі бойынша ғана жүргізіледі. Бағдарламаның нысаналы бағыты азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге негізделеді.

«8 айдың қорытындысы бойынша Бағдарламаның іске асырылу барысында мынадай нәтижелерге қол жеткізілді. 402 мыңнан астам адам Бағдарлама қатысушысы болды.  280 мың адам, оның ішінде 185 мыңы немесе 66 пайызы тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылды. Қысқа мерзімді курстарға 32 мыңнан астам адам жіберіліп, оның ішінде 16 мыңы оқуды аяқтады, оқуды аяқтаған 6 мыңнан астам адам жұмысқа тұрғызылды. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 75 мың адамды қамту жоспарланған болса, оның 33 мыңы қамтылды. Бағдарламаға қатысушы 8,5 мыңға жуық адам микрокредиттер, ал 7 мыңнан астам адам гранттар алды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 114 мыңнан астам адам орналастырылды. Шамамен 6 мың адам немесе белгіленген жоспардың 62 пайызы қоныс аударды», – деді Біржан Нұрымбетов.

Бұл ретте, министр жекелеген бағыттар бойынша кейбір өңірлерде Бағдарламаның іске асырылу қарқыны төмен екендігін, сондықтан өңірлердің әкімдерінен осы бағыттағы жұмысты күшейтуін атап өтті.