Шымкентте бірге оқитын курстасын зорлап, оны таспаға түсіріп, қыздан ақша бопсалағандарға сот үкімі шықты. Қаламыздағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелет жасқа толмаған бойжеткенге зәбір көрсеткен қос жігітті 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Еске салайық, оқиға өткен жылдың 21-қазанында, сағат 13-00-дер шамасында орын алған. Қасына досын ерткен 17 жастағы жігіт өзімен бір топта оқитын қыздың үйіне қонаққа барады. Бойжеткеннің үйінде ата-анасы жоқтығын пайдаланған олар қызға қитұрқы ұсыныстарын айтады. Оның үзілді-кесілді бас тартқанына қарамай, әлгі жолдас жігіт екеуі оны сол мезет зорлаған.
Жігіттер онысын видеоға түсіріп, әлеуметттік желіге жариялаймыз деп, қызды бопсалаған. Осы қылмыстық әрекеттерді ескерген судья «зорлау» және «бопсалау» бойынша қос бірдей баппен жаза тағайындап отыр.
Әбинұр Қарабаев, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Екі кәмелетке толмаған сотталушы ҚР ҚК 120-бабының 3-бөлігі 3-тармағымен және 194-бабының 2-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылған. Оларға жалпы 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді деп белгіледік. Қазіргі таңда бұл үкім күшіне енген. Яғни, бұл үкім өзгеріссіз қалдырылады».
Мөлдір Бекеева