Шымкентте мектеп оқушыларының төбелесіне қатысты Полиция департаменті түсініктеме берді. Қазіргі уақытта қылмыс жасады деген күдікпен екі жасөспірім уақытша қамауға алынды. Күдіктілерден пышақ, шолақ мылтық және травматикалық тапанша тәркіленген.
Әсел Саденова, Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі: «Төбелес кезінде 16 жасар жасөспірім дене жарақатын алған. Атыс фактілері расталып отырған жоқ. ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыс жасады деген күдікпен екі кәмелетке толмаған жасөспірім уақытша ұстауа абақтысына қамауға алынды. Сондай-ақ, полиция басқармасына 17 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізіліп, олардың құқықбұзушылыққа қатысы бар-жоқтығы анықталуда». Еске салайық, 9-қыркүйек күні Шымкенттің «Сайрам» шағынауданында, сағат күндізгі 14-00-дер шамасында мектеп оқушылары жаппай төбелесті. Куәгерлер олардың №65 мектеп-гимназиясы мен №46 мектептің шәкірттері екенін айтқан. Сөздеріне сенсек, жанжал кезінде оқушылардың қолында тас қана емес, пышақ пен тапанша да болған. Сондай-ақ, әлімжеттік жасаған жеткіншектердің өзара пышақтасқанын да көргендер бар. Және бір емес, бірнеше рет оқ атқанын да естіген.
Мөлдір Бекеева