Шымкенттегі Мега сауда-ойын сауық орталығында тал түсте жоғарғы сынып оқушылары төбелесіп, атысты деген ақпарат әлеуметтік желіде гу ете қалды. Қалалық полиця департаменті жасөспірімдер арасында төбелес болғанын растады, ал атыс болғанын жоққа шығарды. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалы басталған.
«Алдын ала жүргізілген жедел-тергеу шаралардың нәтижелері мен куәгерлердің жауаптарына сәйкес, атыс қаруы немесе өзге де қару қолдану жайты алдын ала расталмады, алайда бұл жайт қосымша тексерілуде»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ
Полицияға оқиға орнында жарақат алған баланың ата-анасы арызданған. Арыз негізінде Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Оқиға қатысты екі оқушы күдікке ілінген. Олар ұсталып, ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілген.
Дәл қазір жарақат алған да, күдікке ілінгендер де үйінде. Ресми мәлімет бойынша жоғарғы сынып оқушылары бірін бірі таниды, жанжалға арадағы қызғаныш себеп болған.
Дилара Иса







