Шымкентте «Жолда қабылдау» акциясы жалғасып жатыр

180

Азаматтардың құқықтық сауаты мен жол қауіпсіздігі ережелерін сақтаудағы жауапкершілігін арттыру, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету. Шымкентте осы мақсатты көздеген «Жолда қабылдау» акциясы жүріп жатыр. Шара аясында Полиция қызметкерлері бүгін Құрсай шағынауданына арнайы барды. Өйткені мұнда ұрлық тиылмай тұр. Бұл қала іргесіндегі елдімекендерге ортақ мәселе.

Құрсайлықтар таңғы сағат 9-дан бастап, елдімекен іргесіндегі көшеге жиналды. «Жолда қабылдау» акциясы барысында тұрғындар алдымен мұндағы жиі кездесетін мәселелерді көтерді. Шағынаудан тұрғындары пәтер тонау, ұрлық пен қарлық тыйылмай тұрғанына наразы. Сондай-ақ, оқу жылы басталысымен, жол тәртібін реттеудің қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.«Жолда қабылдау» акциясы Құрсай шағынауданында 2 күнге жоспарланған. Осы уақыт аралығында тұрғындар үшін әкімшілік полиция басқармасы, көші-қон қызметі, жол-техникалық инспекциясы, Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау, криминалдық полиция басқармаларының қызметкерлері келіп, олардың талап-тілегін тыңдайды. Арыз-шағымдарын қабылдайды.

Абай ауданына қарасты «Құрсай» шағынауданында 25000-нан астам тұрғын жайғасқан. Полиция департаментінің ресми мәліметіне сүйенсек, елдімекенде биылдың өзінде 44 қылмыс тіркелген. Оның 42-сі пәтер ұрлығы. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 20-ға кем. Ал ішкі істер Министрлігінің қадағалауымен жүзеге асқан жоба — «Жолда қабылдау» акциясы Шымкентте жылдың соңына дейін жалғаспақ.

Мөлдір Бекеева