Созақтық полицейлер есірткі затын сатумен айналысқан азаматты құрықтады

142

Түркістан облысы Полиция департаменті ЕҚҚКБ-ның жедел уәкілдері Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, есірткі затын сатты деген күдікпен азаматты құрықтады.

Аталмыш жайт бойынша жедел уәкілдер арнайы жоспар құрып, күдіктінің заңсыз әрекетіне тосқауыл болатын жедел шараларды атқарады.

Осылайша, қажетті деген шараларды жоғары деңгейде атқарған жедел уәкілдер мен полицейлер күдікті азаматты есірткі сатып тұрған жерінен ұстайды. Ұсталған азамат Созақ ауданының жергілікті тұрғыны болып шықты. Оның жеке басын тінту барысында қалтасынан марихуанаға ұқсас есірткі заты, ал тұрғылықты үйін тінту барысында есірткіге ұқсас зат салынған ыдыстар мен бірнеше гашиш пен марихуанаға ұқсас есірткі заттары бар орамалар тәркіледі.

Аталған заттар сараптамаға жіберіліп, оның қорытындысына сәйкес шамамен – 5 грамға жуық гашиш және 100 грамнан астам марихуана екендігі анықталды.
Аталмыш жайтқа байланысты Созақ аудандық полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабымен «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу», 297-бап «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі таңда күдікті қамауда. Аталған жайтқа қатысты тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға ғасыр дерті саналып келе жатқан есірткінің тұзағына түсіп қалмай, денсаулыққа қасақана зиян келтіруге жол бермеу керектігін айтады. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, жат әдеттерден аулақ болуға, өз-өзімізді салауаттылыққа дағдылануға шақырады.

Сондай-ақ, есірткі құралдарын пайдалану бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға зиян келтіретінін ескертеді.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі