Жүргізуші құқығынан айырылғандарға көлік айдағаны үшін айыппұл артады

119
фото inform.kz

Әкімшілік жазалар әлдеқайда жеңіл жазаларға ауыстырылды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқылау кезінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атап айтқанда, депутаттар тарапынан жекелеген құқықбұзушылықтар қысқартылып, кодекстен алынып тасталды. Өйткені мұндай даулар сотта азаматтық талап қою тәртібімен азаматтарды әкімшілік жауаптылыққа тартпай шешілуі мүмкін. Бірқатар құқықбұзушылықтар бойынша айыппұл санкцияларының мөлшері төмендетілді, сондай-ақ қолданыстағы әкімшілік жазалар әлдеқайда жеңіл жазаларға ауыстырылды», – деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусин.

Сонымен қатар, депутаттардың ұсынысы бойынша жол жүрісі саласындағы жекелеген бұзушылықтар үшін айыппұл санкциялары ұлғайтылды.

«Жүргізуші құқығынан айырылған адамға көлік құралын жүргізгені үшін 50 АЕК-ке айыппұл салынады. Қазір мұндай айыппұл 10 АЕК-ті құрап отыр. Сондай-ақ осындай тәртіп бұзушылықты қайталап жасағаны үшін айыппұл 20-дан 70 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұл түзету қазақстандықтардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған», – деп түсіндірді депутат.

Талқылаудан кейін палата депутаттары «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлдады.