Шымкенттік шенеуніктер жаппай тергеу изоляторына жеткізілді

342

Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қалалық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп мемлекеттік қызметшілерді түзеу мекемелерінде қамаудағыларды ұстау жағдайларымен таныстыру тәжірибесін жалғастыруда.

Бұл жолы, ИЧ-167/11 мекемесінде мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ қала әкімі аппаратының бөлім басшылары болды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, оларды сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің салдарымен таныстыру болып табылады.

Бұған дейін осы тұрғыдағы іс-шара орта мектеп директорларының қатысуымен өткізіліп, қоғам арасында оң әсер алған болатын.
Осындай алдын алу шараларын мемлекеттік қызметтің барлық бағыттарын қамти отырып, тұрақты түрде өткізу жоспарлануда.

Жалпы мекеме қызметімен жергілікті атқарушы органдардың 60-тан астам қызметкері танысты.

Айта кетейік, өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен 60 қылмыс тіркелген, оның 16-ы жергілікті атқарушы органдарда.