Сауда сөрелеріндегі өнімдердің барлығы бірдей талапқа сай емес. Себебі Түркістан облысында жүргізілген тексерістер барысында талапқа сай келмейтін тауарлар анықталды. Олардың арасында таңбалануы дұрыс көрсетілмеген әрі санитарлық талаптарды сақтамаған өнімдер бар. Мамандар мұндай жағдайларда ең алдымен сатып алушының қырағылығы маңызды екенін айтады.
Түркістан облысында дүкен сөресіндегі азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар, сондай-ақ балалар ойыншықтары тексерілді. Нәтижесінде 66 өнімнің техникалық регламент талаптарына сай еместігі белгілі болды. Көбінде тауар туралы ақпарат толық көрсетілмеген немесе таңбалануы дұрыс рәсімделмеген. Ал үш өнім қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеген.
МАҚПАЛ БЕЙБІТҚЫЗЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СЭБД БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер ет және май өнімдерінің арасынан анықталды. Ет өнімдерін зерттеу кезінде мезофильді аэробты және факультативті анаэробты микроорганизмдердің мөлшері рұқсат етілген деңгейден асқаны белгілі болды. Ал май өнімдерінен зең саңырауқұлақтары табылды»
Заңбұзушылыққа жол берген кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Бұдан бөлек, сауда айналымынан 20 келіден астам өнім тәркіленді. Мамандар таңбалаудағы кемшіліктерді жай ғана техникалық қателік деп бағалауға болмайтынын айтады. Өйткені өнімнің құрамы, жарамдылық мерзімі, сақтау тәртібі және аллергия тудыруы мүмкін компоненттер туралы ақпараттың бәрі заттаңбада көрсетіледі. Ал бұл мәліметтердің болмауы тұтынушының денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
ОЛЬГА БЕРЕЗУЦКАЯ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ «ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ОДАҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Өнімнің өндірілген күні, жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Бұл мәліметтер өнімнің қауіпсіздігін бағалап, сапалы тауарды таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар, қаптаманың бүтіндігіне де назар аудару қажет. Себебі сақтау талаптары бұзылса, жарамдылық мерзімі аяқталмаған өнімнің өзі денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін»
Мамандар арзан бағаға қызықпауға кеңес береді. Себебі бұл кей жағдайда күмән тудыратын белгі болуы мүмкін. Сатып алмас бұрын өнімнің сыртқы түрін мұқият қарап, қажет болған жағдайда сатушыдан оның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұратқан жөн. Санитариялық дәрігерлер мұндай тексерістің тұрақты түрде жүргізілетінін айтып отыр.
Лаура Бабас
