Түркістан облысында жұқпалы аурулардың алдын алу және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, вакцинацияның маңызын ерекше атап өтті.
Түркістан облысында жоспарлы және эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел екпе жұмыстары жүргізілуде. Жоспарлы иммундау туберкулез, вирусты гепатиттер, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық, полиомиелит, эпидемиялық паротит, гемофильді инфекция және адам папилломасы вирусын қоса алғанда 11 жұқпалы аурудың алдын алуға бағытталған. Барлық екпелер тұрғындарға тіркелген емханаларда тегін салынады.
Сонымен қатар өңірде әлеуметтік осал санаттағы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарды тегін медициналық көмекпен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Жиын барысында облыс әкімі медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс істеуді тапсырды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қадағалауды міндеттеді.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша маусым-шілде айларында мемлекеттік медициналық ұйымдарда 28 мың 719, ал, жекеменшік ұйымдарда 6 мыңнан астам азамат медициналық көмек алған. Жалпы жыл басынан бері өңірдегі медициналық ұйымдардың көмегіне 59 мыңға жуық тұрғын жүгінген.
Нұргүл Жолымбетова






