Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының орындалуы күшейтілді. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде қаралды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, аудан-қалалардағы көрсеткіштер мен өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, облыста қоғамдық орындардағы тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы бақылау жұмыстары күшейтілген.
Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдіктері тарапынан да қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Мәселен, жыл басынан бері 3 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылып, оның 2 400 — ден астамы ескерту түрінде рәсімделген. Сонымен қатар, облыс басшысы кейбір қоқыс орындарының тазартылмауына байланысты жауапты әкімдіктерге кемшіліктерді қысқа мерзімде толық жою тапсырды.
Сондай-ақ, аудан және қала әкімдеріне «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуын күшейтуді, елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді уақытылы жоюды тапсырды. Сондай-ақ тұрғындармен кері байланысты нығайтып, тазалық мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Нұргүл Жолымбетова






