«Күйеуім қателігімді әрдайым бетіме басады»

1640

Бұрын жасаған бір қателік алдыңыздан үнемі шыға бере ме? Сол қателіктің жүгін әлі күнге арқалап жүрсіз бе? Мұндай жағдайдан қалай құтылуға болады? Редакцияға хат жолдаған оқырман жас кезінде шалыс басып, соның зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатқанын айтады. «Психолог бұрышы» айдарына хат жазып, психолог кеңесіне жүгінген кейіпкеріміздің әңгімесін қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Сәлеметсіздер ме? Менің жасым 31-де. Анам мені студент кезінде босанған екен. Кейін өзі оқуда болғандықтан мені нағашы ата-әжемнің қолына табыстаған. Туу туралы куәлігімде әке-шешемнің есімі жазылатын тұсына атам мен әжемнің аты жазылған.Өйткені, анамның қалауы сол болыпты, солай жасауды дұрыс деп тапқан.Оған себепте жоқ емес. Әкем мен анам студент кезінде ккөңіл жарастырған. Алайда шешемнің жүктілігін білгенде хабар-ошарсыз кеткен.
Осылайша ата-әжемнің баласы атанып кеттім. Бірақ анамның кім екенін біліп өстім. 6 жасымда анам басқа адаммен көңіл жарастырды. Менің інім мен сіңлім болды. Бірақ мен олармен бірге тұрмадым. Өгей әкем анама айтып, мені қолдарына алғысы келген еді. Алайда атам мен әжем рұқсатын бермеген.
Шешем мен ес білгелі де бізбен бірге тұрмайтын. Тек демалыс күндері мені көріп кетуге келетін.
Атам мен әжемнің махаббатына бөленіп өстім. Олар мені өте жақсы көрді. Мен әкемнің кім екенін білгім келсе де ешқашан ешкімнен сұрай алмадым. Өйткені, отбасымызда ешкім ол жайлы тақырып қозғағысы келмейтін. Арада қанша уақыт өтсе де әкем мені іздеп келген жоқ. Сонымен бұл тақырып маған жұмбақ күйінде қалды. Мен студент болып, жоғары оқу орнына түстім. Басқа қалаға келдім. Бейтаныс ортада жаңа таныстарым артты.
Өзім көпшілмін, адам жатырқамаймын. Алдымнан кезіккен адаммен ортақ тіл тауып алатынмын. Осылайша уақыт өтіп жатты. Бізден бір курс жоғары оқитын бір жігітті сырттай қатты ұнатып жүруші едім. Оның қызы бар болатын. Жігіт те, қыз да университеттің белсенді студенттерінің қатарынан болды. Қызы екеуін жарасымды жұп ретінде көретіндер көп еді.
Мен ол жігітті «жай ғана арманым болып қалатын шығар» деп ойлаушы едім. Бірақ олай болмады.
Кішкентайымнан биге қатысқандықтан, әжептәуір биші едім. Бір күні факультетіміздің атынан қыз сыны байқауына қатысатын болдым. Бойым ұзын әрі өнерім болғандықтан факультет деканы мені таңдады . Бұл жаңалыққа өте қатты қуандым. Ана жігіттің көзіне түсу үшін барымды салып дайындалдым. Ата-әжемнен ақша алдырып, бірнеше сахналық киім тіккіздім. Мейлінше «бас жүлдені жеңіп алуым керек» деп ойладым.
Осылайша көптен күткен байқауымыздың өтетін уақыты да келіп жетті. Өте тиянақты дайындық пен өзіме қойған талаптың арқасында бас жүлде иегері атандым.
Байқау жеңімпазы болғандықтан, университетте өткен әрбір іс-шараға қатыстыратын болды. Белсенді студенттердің арасында өзіме ұнайтын жігітпен жақын араласуға мүмкіндік болды. Арадан біраз уақыт өткен соң, мен ұнататын жігіт қызымен айырылысып кетті. Содан кейін маған SMS жаза бастады. Жағдайымды сұрап, үнемі қолдау көрсетіп жүрді. Менің бақыттан басым айналғаны соншалық ол: «қызым бол» деп сөз салғанда бірден келісе кеттім. Сөйтіп біз қыз жігіт болып жүре бастадық. Ол менің жігітім болғаннан кейін оны жақын тани бастадым.
Уақыт өте менің киген киімім ұнамай қалса, SMS-хатына уақытылы жауап жаза алмай қалсам қатты ұрсатынды шығарды. Тіпті туған күніне сыйлаған сыйлығымды да ұнатпайтынын айтып ренжітетін. Адамдармен араласуыма тыйым сала бастады. «Сахнаға да шықпайсың» деп жиі айтатын болды. Маған салған тыйымынан бөлек, өзінен қанша қателік кетіп жатса да ол оны қызықтырмайтын болды.
Тіпті басқа қыздармен араласып жүргенін естісем де, достарым дәлелмен көрсетсе де мен оған ашулана алмадым. Өзіме ашуым келетіні – мен оның қандай адам екенін біле тұра оған өзімнің пәктігімді сыйладым. Өйткені оны құлай сүйдім.
Маған онсыз өмір жоқ сияқты сезілетін. Әйткенмен, ол мені де менің сезімімді де бағаламады. 4-курстың ортасында мені тастап, басқа қызбен кетті.
Ұзақ уақыт төсектен тұра алмай қалдым. Өзімді сондай жаман сезіндім. Сабаққа да бара алмай қиналдым. Құрбыларым болса, осындай адамнан ерте құтылғаныма қуануым керек екенін айтып, үнемі қолдау көрсетті.
Дәл осылай қатты қиналып жүргенімде, мені мектепте ұнатып, қатты жақсы көретінін айтып жүретін жігіт хабарласты.
Егер мен қаласам, менімен үйленуге дайын екенін айтты. Жан қиналысымды жеңілдетудің жалғыз амалы осы сияқты көрінді. Бірден оған «қыз емес» екенімді айттым.
Ол «сен болсаң болғаны, мен сенің қыз немесе қыз емес екеніңе қарамаймын, бұл маған қызық емес» деп өлердегі сөзін айтып, келісімімді алды.
Осылайша аяқ астынан той болды. Ата-енем өте жақсы адамдар екен. Күйеуімнің де маған деген махаббаты күшті еді.
Екеуміз тұрмыс құрған соң, жүкті болдым. Бірінші баламды босанған соң күйеуімнің әуені басталды. Ол ішіп келген сайын маған: «Сен қыз болмай келдің, сенің тәніңе менен басқа адам жолаған. Есіме түскен сайын қиналамын, сені жек көріп кетемін» деп айтуды шығарды.
Арадан 1,5 жыл өткен соң тіпті қол көтеретін болды. Мен үшін нағыз азап сол кезде басталды. «Бірнеше бала туып берсем, қоятын шығар» деп қатарынан үш бала тудым. Бірақ бәрі бекер болды. Неғұрлым уақыт өткен сайын оның ішіндегі ашу-ызасы күшейе түсті.
Тойға барсақ та, отырыстарға барғанда жаныма бір еркек жақындаса болғаны, жұрттың көзінше айқайлауды шығарды. Мен тұрмақ өзін құрметтеуден қалды. Шынымды айтсам, жыламай ұйқыға кеткен түнім болмайтын болды. Бәріне өзімді кінәладым. Екі жігіттің де айтқан өтіріктеріне сеніп, оларға өзімді арнағаныма қатты ашуландым. Бірақ қанша жылап, қанша ашулансам да бәрі кеш еді. Өкінгенмен пайда жоқ. Уақытты кері қайтарып, қалпына келтіре алмайтыным анық. Қазір балаларым үшін шыдаймын. Ата-енем де өте жақсы адамдар. Ұлдарының қатты өзгеріп кеткеніне таң қалып олар жүр. Бірақ мен не істерімді білмеймін.
Бірнеше рет үйге кетіп қалған кездерім болды. Тіпті апталап-айлап төркінімде жатып алдым. Жалынып-жалпайып, енді қайтып қателік жібермейтінін, өлердегі сөзін айтып, қайта алып кетті.
Бір кездері үш баласын ата-әжесіне қалдырып, өзім жеке басым кетіп қалған кезім болды. Ол да көмектеспеді. Ажырасуға да өтініш жасадым. Бірақ, оны да тыңдамайды.
Сонда бұл адамға менен не керек? Не мені жайыма қоймады, не өзі жайына кетпейді? Мен не істесем екен?!
Күннен-күнге қартайып, барам. Өзегімді жеген өкініштен ауру болатын болдым. Түсінемін, кінәлімін. Бірақ, өмір бойы сол үшін өзімді кінәлаумен өте алмаймын ғой. Алға қарай қадам басуым керек. Ұмтылуым керек.
«Қазір қыздар, жастар менің қателігімді қайталамаса екен» деген оймен осы хатты жазуды құп көрдім.
Еркек адам «мың жерден сүйдім» дегенмен, бәрібір әйелінің өзіне пәк болып келуін қалайды екен.
Менің хатым біреуге болмасын біреуге ой салар деген ойдамын.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №6, 6 ақпан 2020 ж